Домалақ ана

 

Кесенесі Шымкент қаласы мен Шаян ауылының арасындағы Балабөген өзенінің жағалауында орналасқан Домалақ ана 1375-1456 жылдары өмір сүрген. Түркістандағы Баб Араб мешітінің имамы Мақтым Ағзам қожаның жалғыз ұлы Әли Сыманның қызы. Әли Сыман Моғолстан ханы Уәйіс ханның әпкесі Нұрбикеге үйленген, Әмір Темірдің әскерін басқарып, уақытының көбін жорықта өткізген. Домалақ ана Нұрила анадан жастай қалады.  Түркістан маңында Қарашық өзенінде суға түскен Нұрбикені жылан шағып өлтіреді. Анасынан осылай айырылған, әкесі Әли Сыман жорықта жүрген Нұрила жетімдік күй кешіп, өмірдің қайғы-қасіретін ерте сезіп бойжетеді. Оны атасы Мақтым Ағзам тәрбиелеп өсіреді.  Бір күні Нұрила құдықтан су тартып жатқанда аяғы тайып құдыққа құлайды. Бәйдібек би нөкерлерімен келе жатып оқиға үстінен түседі, қызды құтқарып алады —  Білегінен кім ұстаса соған бересің, — деп, көп ұзамай Мақтым ағзамға түсінде аян беріледі.

Нұрила он тоғыз жасында атасы Мақтым Ағзамның күні бұрын болжап айтуымен екі әйелі бар Бәйдібекке күйеуге шығады. Алғашқы күннен бастап күншіл, қатыгез бәйбішенің қорлығына кезігеді. Бірақ асқан ақылдылық, сабырлылық танытып, бәріне төзіп бағады. Тіпті дүниеге жаңа келген нәрестесі Тілеубердіні (Жарықшақ) өлтірмек болған қастық әрекетіне де кешірім жасайды. Бұл — бүкіл адамзат тарихында сирек кездесетін, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-өнеге болар, тек ұлы анаға ғана тән мінез еді. Ол кісінің Домалақ ана (әулие ана) атануы да осындай мейірімге жүрегі толы болғандығынан болса керек. Ол кісі дөңгелек жүзді болған деседі. Бәйдібек бабаның Мақтым Ағзамның немересі Нұрилаға (Домалақ анаға) үйленуі де, одан Тілеуберді (Жарықшақ) атты ұл, Қызайым атты қыз көруі де келешек ұрпақтарының текті болып өсуіне үлкен әсер етеді. Жарықшақтың кіші әйелі Бибіфатимадан Дулат туды. Ол көп сөйлемейтін, сабырлы, мінезге бай, сыпайы жігіт болып ержетті. Келіні Бибіфатиманы енесі Нұрила (Домалақ ана) еркелетіп, «Бипаш» деп атап кетеді. Бибіфатима Қожа Ахмет Ясауи мешітінің имамы атақты қожаның қызы. Дулат та қожаның жиені еді.

Ана кереметі: шыдамдылық пен көнбістік, ақылдылық пен қанағат, ұрпақ тазалығын сыйлаушы рух иесі. Әулие анамыз орта бойлы, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, ойлы көзді жан болған. Ол туралы көне тарихи дүниелерде көп кездеседі, парсы шежірелерінде Нұрила бибі жайында хикаялар жетерлік. Бірқатар тарихшы, жазушылардың дәлелдеуіне қарағанда, ірі қолбасшы әрі би, аса көрнекті мемлекет қайраткері Бәйдібек баба мен Домалақ ана Тәшкен шаһарында тұрған. Қаратау мен Алатау баурайларын, Қазығұрт төңірегін жайлау еткен. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» драмасында сол кезең кеңінен суреттеледі.

Алдыңғы ақпарат

Жәудір ана мешіті

Келесі ақпарат

Сауран қамалы