Құрбандық тасы, б.з.д. ІV- б.з. І ғғ

Құрбандық тасы дөңгелек пішінделіп, жоғарғы жағы жалпақтау келген, ортасына қарай ойыс болып, қырына қошқардың басы қасбетінен түсірілген. Сарматтар кезеңінде (б.з.д. ІV-б.з. І ғғ.) қой бейнесі бейнеленген құрбандық тастары археологиялық қазбалардан көптеп табылған. Қошқар мен қой бейнелері әртүрлі халықтар мифологиясында тотемдік символикалық маңызы болды. Олар тұрақтылық пен бірлікті, шыдамдылық, қарапайымдылық, жұмсақтық, нәзіктіктерді білдіруші және құрбандыққа шалыну мүмкіндігі ең көп түлік болуымен ерекшеленеді. Ал, құрбандық тастар мен ыдыстарды көшпелілердің діни ғұрыптарының бірі-«тазалау» жоралғыларын орындауға қолданған зат деген жорамал бар. Өйткені олар алып жүруге ыңғайлы, шағын және кез-келген жерге қоюға ықшамды болған. Зерттеуші К.Ф.Смирнов та сармат қорымдарын аршу барысында құрбандық тастарының молалардың ішінен табылуын діни ғұрыптық жағдайларға байланысты екендігін айтқан. Ол Еділ бойы, Оңтүстік Орал және Қазақстанның мал өсірушілері үшін күн мен отқа табыну басты діни ғұрыптардың бірі болғандықтан діни рәсімдерді өткізетін — яғни, қасиетті от тұтататын орын–алтарьлар ретінде осы құрбандық тастарды пайдаланғанын жазады. Сонымен бірге хош иіс шығаруға, немесе діни ғұрыптық отты жағуға жарық беретін құрал ретінде қолданылғандығын да айтқан. Хош иіс шығару үшін қылқан жапырақты ағаштарды, оның ішнде арша, шырша т.б еліткіш қасиеті бар өсімдіктерді қолданған. Осылай хош иіс шығару рәсімін көптеген халықтар ата баба рухтарына және жергілікті құдайларға арнап құрбандық шалу деп есептеген. Музей қорында түтіндеткіштердің бірнеше түрлері бар, олар: тостаған, ваза, қайық тәрізденіп келген оған қоса көрінісі жануар келбетіндегі түтіндеткіштер де бар. Деректерден байқағанымыздай, түтіндеткіштерге әдейі арналып пілте жасалады да сол пілтені майға немесе тұтанғыш ерітіндіге шылап батырып, тесіктен шығарып, шырақ ретінде жаққан. Сол себептен де кейбір ыдыста ешқандай майдың дақтары сақталмай тек күйе мен исі ғана сақталған. Мұндай түтіндеткіштерді Оңтүстік өңірлерде-Сидақ, Отырар, Жуантөбе қалалары қазбаларынан кездестіруге болады. Олардың құрбандық тастарымен сабақтас екендігін айтсақ қателеспейміз. Музей қорына 2000 жылы қабылданған, өткізген Т.А.Э.инженері А. Ержігітова. Қаратау етегі, Қосқорған ауылы маңынан табылған. Көлемі һ-5 см. d-9 см.

Алдыңғы ақпарат

Халық этнографиясы

Келесі ақпарат

Жәудір ана мешіті