Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 120-125 метр жерде, «Қылует» жер асты мешітімен қатар орналасқан. Республикалық маңызы бар ескерткіш. Бір бөлмелі, солтүстік және солтүстік шығыс жақ қасбеттерімен іргелес жатқан бастырмасы бар құрылыс. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи жанұясымен бірге тұрған үйі болған деген аңыз ел аузында айтылады. Ішкі жағынан биіктігі 4 метр, михрабтың биіктігі 2,3 метр. Мешіттің қабырғаларының өлшемі 6,2 метр. Ғимарат XIX ғасырдың екінші жартысында қайта салынып, жергілікті тұрғындар мешіт есебінде пайдаланып келген. 1982-1998 жылдары Жұма мешіті құрылымында «Археологиялық табыстар» атты мұражай болған. Мешіт 2000 жылы қайта қалпына келтіріліп ХІХғ. мешітке айналдырылды. Мешіт экспозициясы қайта құрылды, қазіргі уақытта мешіт экспозициясында мұражай қорында сақталынып келген мешіттің заттары және т.б. жәдігерлер бар.

Жұма мешітінің 1960-шы жылдарға дейінгі атауы «Қылует мешіті». Бұл мешіт сол жылдары қаладағы ең үлкен және орталық мешіт қызметін атқарды. Алпысыншы жылдары қаладан Шымкентке шыға берістегі үлкен мешіт салынып, бұл мешіт сонда көшірілді де атауы да сол жаңа мешітке берілді (қазір жоспары шеңбер түрінде қайта салынуда). Көшкен соң бұл мешіт біраз уақыт махалләлік мешіт ретінде пайдаланылып, жетпісінші жылдары кесенеде реставрация басталғанда жұмысы тоқтатылып, жөнделіп, Түркістан арнайы ғылыми реставрациялау шеберханасының жобалау бөлімі орналасты. Ол жаңа қонысқа көшкен соң мұнда реставрация жұмыстары жүргізіліп, Ө. Жәнібековтің ұйымдастыруымен «Археологиялық табыстар музейі» орналасты. ХІІғ. бері бірнеше рет бұзылып, қайта салынса да бұл мешіттің сәнделуі сопылық ағымға тән күйінде бізге дейін сақталған болатын. Сопылық мешіттердің ерекшелігі – олардың Михрабтарының іші-сыртына ешбір Құран аяттары жазылмайды, тек екі жанына анар жемісінің бұтақтары салынып, оларға қонып сайрап отырған сандуғаш (Жұмақ бұлбұл құсы) құстар бейнеленеді. Сексенінші жылдарға дейін мұндай анар бұтақтарындағы құстар мешіт бөлмесінің ішіндегі Михрабтың екі жанында және ауладағы үлкен бастырманың артқы қабырғасындағы үш ойық (ниша) михрабшалардың да екі жанына салынған болатын. Олардың барлығы көк түсті бояумен салынған-ды. Мешіт көшірілген соң бұл суреттердің фотосы және жұқа қағазға (калька) түсіріліп алынған көшірмелері «Казпроектреставрация» мекемесінің архивтік қорында сақталды. Бөлменің және бастырманың төбесін жапқан ағаштар (васса), бел ағаштар түрлі-түсті бояумен салынған оюлармен сәнделген-ді, ал, тіреуіш ұстындар (колонналар), есіктер ойма оюлармен безендірілген болатын. Реставрация барысында және 2000ж. түгел бұзылып қайта салынған соң олардың барлығынан айрылып қалдық. Қайта салуға басты себеп болған-барлық ағаш құрылымдар мен қабырғалардың өзін термиттер басып жарамсыз, қауіпті жағдайға жеткізуі болды. Дегенмен, «Казпроектреставрация» мекемесінің архив қорындағы материалдарға сүйеніп, мешітті ХІХғ. жағдайына толық қайта келтіруге болады депе сенеміз.
Әдебиеттер:
- Жұма мешіті, ХІХғ. // Түркістан өңіріндегі тарихи – мәдени ескерткіштер. А., 2016. 14-15 бб.
- Жұма мешіті // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы, І-том. Түркістан, 2021. 151-152 бб.
- Мечеть Джума // Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область.
- Жұма мешіті // Түркістан энциклопедиясы. Астана, 2023. 81-82 бб.








