МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Қылауыз-Жақып ата

Қылауыз (Жақып Ата) – Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарымыздың досы әрі қайын атасы, Пайғамбар (с.а.у) дүниеден өткен соң бірінші халиф атанған Әбу Бәкір Сыддықтың 21-ші ұрпағы. «Қылауыз» –- Жақып Атаның лақап аты. («Қылауыз» деген сөздің өзі арабша «Бастаушы» деген сөз.)Дариядан бөлініп шығып, біраз жерден орағытып дарияға қайта құйған суды жергілікті ел «Қылы» дейді.

Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, сондай суды дариядан арық тарттырып,тұрғындардың егіншілікпен айналысуына мүмкіндік жасаған Жақып Ата екен, сол«Қылы» сөзінен Қылауыз Ата атаныпты деген де сөз бар. Қожа Ахмет Ясауимен замандас болған Қылауыз Атаның қара құрт, жылан шаққан адамдарды оқып жазатын, тісі ауырғандарды емдейтін де қасиеттері болған әулие кісі екен. Қылауыз (Жақып Ата) – Әбу Лайстың ұлы. Ал Әбу Лаис IX-X ғасырларда өмір сүрген ғалым әрі ойшыл, Ислам дінін насихаттаушылардың бірі болған, Самарқанды мекен еткен. Әбу Лайсты Шығыстың ұлы ақындары Әлішер Навои, Әбдірахман Жәми,тағы басқалары өздеріне ұстаз тұтқан. Ал енді осы Әбу Лайстың ұлы Жақып Ата (Қылауыз) Ферғана мемлекетінің Батыс қағанатынан Сыр бойына XII ғасыр ортасында келген. Хазірет Сұлтанның шәкірттерінің бірі. Қожа Ахмет Ясауи Сыр бойын аралауға келгенде Жақып атамызға:

– Уа, Жақып, мына дариядан қалай өтеміз? – дегенде, – Сізге дариядан өту қиын болып па? Жүре беріңіз, – деп дұға еткен екен. Әзірет Сұлтан дарияны кешіп өте берген. Міне осы сапарда Сыр бойындағы барлық Қорасан ата, Қасым ата т.б әулиелерді аралап, қайтадан баяғы судан өтетін жерге келеді. Сол жерде бесін намазын оқиды. Намаз оқып жатқанда жайнамаздың бас жағынан кішкене қарақұрт шығады. Бұлар намаз оқып біткенше құрт үлкейіп, адам жұтатын дәрежеге жетеді.Хазіреттің жанындағы шәкірттері жарыса оқып, тауы шағылып діңкелері құриды.Құрт одан әрі өсе түседі. Сонда Әзірет Сұлтан Жақып атаға бұрыла қарап:

– Уа Жақып, енді сен дем сал! – дейді. Жақып ата өзгеше сарынмен дем салғанда әлгі құрт әбден кішірейіп, бұрыңғы қалпына келіпті. Жақып ата:

– Не етейін, құртып жіберейін бе? – дегенде, – Қой, сол қалпында қалсын, Алла жаратқан жәндік қой – деп, Әзірет Сұлтан шәкіртіне риза болып, Тассуаттан өтіп,арғы бетке шыққан соң: – Уа, Жақып, қолыңды жай, сенің енді бұдан былай лақап атың «Құрт иесі – Қылауыз» болсын, – деп батасын берген екен. Содан бастап,әулие Жақып ата қарақұрт, жылан шаққан адамдарды емдейтін емші болған екен дейді. Қылауыз атаға топырақ Сыр бойынан бұйырған. Оның мәйіті дарияның сол жағалауының күнбатыс жақ беткейінде (аудан орталығынан 30 шақырымдай қашықтықта) жерленген. Басына ұрпақтары күмбезді кесене тұрғызған.

Алдыңғы ақпарат

Құсшы ата

Келесі ақпарат

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ