«ТАРИХИ ТҮРКІСТАН» ҚЫЗЫЛОРДАДА
Бұдан алдын хабарлағанымыздай Қызылорда қаласында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының «Тарихи Түркістан» көшпелі көрмесінің ашылуы салтанаты болып өтті.
Көрме — Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи мұраларды насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.
Көрмені Қызылорда облысында ресми іс сапармен жүрген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев бастаған қонақтар тамашалады.
Көрменің ресми ашылуына мәдениет ұйымдарының басшылары, оқытушы-профессорлар, өлкетанушылар, тарихшылар, БАҚ өкілдері қатысты.
Іс шарада сөз алған Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры С.Көзейбаев түркістандықтарға шексіз алғысын білдіріп, музейлер арасында қарым-қатынастың одан әрі жалғаса беретіндігіне тоқталды. Сөз соңында Қызылорда облыстық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Р.Рүстемовтың алғыс хатын, музей-қорық директоры М.Садықбековке табыстады.
Сөз кезегін алған музей-қорық директоры М.Садықбеков көрме жұмысына сәттілік тілеп, әлемдік тәжірибедегі музей ісін дамытудың жолдарына тоқталды. Қызылордалық әріптестерді Түркістанда көрме өткізуге шақырды. Сөз соңында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры С.Көзейбаевты алғыс хатпен марапаттап, музей-қорықтың баспа өнімдерін табыстады.
Шарада кезекті құттықтау сөзін алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Д.Сәтбай Түркістанның қазақ тарихында алар орнының ерекше екендігін және көрмені облыс жұртшылығы ерекше ыстық ықыласпен қабылдайтындығын, сондай-ақ студенттерге насихаттайтындығын атап өтті.
Көрме жұмысы 2022 жылдың 21 қыркүйегінен 21 қазанына дейін жалғасады.