МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ТҰРСЫН ХАН ҚҰДАЙМЕНДЕ

ҰЛЫ Жәдік әулетінен шыққан сұлтан Құдайменденің ұлы, Құшық (Қошық) сұлтанның немересі Тұрсын хан – 1712–1717 жылдар арасында Түркістан маңы мен Сырдың орта ағысында билік құрды. Оның қарамағында Орта жүздің қоңырат және ішінара найман, сонымен бірге Ұлы жүздің тайпалары (аттары белгісіз) енген. Оның иелігін Иқан қаласы мен төңірегіндегі Сырдария өзені бойындағы елдімекендер құраған. Оның бағынысындағы тайпалардың көші-қон аймағы Оңтүстік Қазақстан аудандары, Түркістан қаласының төңірегі, Сырдың орта ағысы бойындағы елдімекендер (Ерофеева, 1997: 73). Осы аумақтағы тайпалардың көші-қон бағыттары Қаратау жоталары мен Сырдың орта ағысы арасын, оңтүстікте Арыс өзеніне дейін, батыста Түркістан қаласына дейінгі аралықты қамтыған деп болжам жасауға болады. Ендігі бір деректерде Тұрсын Тәукенің билігі кезінде хан сайланғандығы, Жоңғар хандығының басқыншылығын тойтаруда қазақ қосындарын басқарып, шамамен 1717 жылы Иқан қаласында қайтыс болғандығы айтылған. Сондықтан да, оның мүрдесі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленбеуі мүмкін емес деген пікірлер бар. Жазба деректерде оның балаларынан Барақ және Құшық (Күшік) сұлтандардың есімдері аталады. Басқа деректерде оның иелігі қалмақтардың иелігімен шектескен деп келтіріледі. Бұл жерде Жетісу аумағына орналасқан оңтүстік шығыстағы қазақ ұлыстары туралы сөз болып отыр деп болжауға болады. 1734 жылы Ұлы жүз қазақтары елшілігінің құжаттарында «Тұрсын Шымыр-Дулат тайпасының ханы еді» деп жазылған (Артыкбаев, 2001: 134).

Алдыңғы ақпарат

ҚАЙЫП ХАН ҚОСРАУ ҰЛЫ

Келесі ақпарат

БОЛАТ ХАН ТӘУКЕ ҰЛЫ