«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің нумизматикалық жәдігерлер қорында 2006 жылы «Сидақ» ортағасырлық қала жұртында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған Түргеш қағанатының мыс ақшасы сақтауға алынған. Жәдігер музей қорында КК 3038 номерімен тіркелген. Тиын дөңгелек пішінді, ортасында шаршы пішінді тесігі бар. Бұл типті ақшалар VIII ғасырда Түргеш қағанатының билік құрған тұсында Тараз және Суяб ақша сарайларында соғылып отырған. Бұл ақшалар Тан империясының «кайюань тунбао» үлгісінде соғылып отырған соғыдылық ақшалар үлгісінде құйылған.
Көлемі: 25-25 мм. Салмағы: 4,020 г. Тиынның таңба бейнесі түсірілген бетіндегі бедер іздерінің біршама бөлігі жойылып кеткен.
Негізгі бетіндегі тиын шеңберінің ортасында жоғарғы бөлігі доғалдандыра, төменгі бөлігі тиын ортасындағы шаршы пішінді тесікке негізделіп түсірілген, руникалық «at» харфінің айшықты үлгісіндегі Түргештер таңбасы түсірілген. Тиын жиектері 3 мм. құрайтын жалпақ шеңбер жиектемемен көмкерілген.
Тиынның келесі бетінде тиын жиектерін бойлай, ортадағы шаршы пішінді тесікті айналдыра соғды курсивімен «Bүy twrkys ү’ү’n pny – Қасиетті Түргеш қағаны «пани» ақшасы» жазбасы түсірілген. Тиын жиегі негізгі бетіндегідей жалпақ жиектемемен көмкерілген. Тиын шеңберінің ортасындағы шаршы пішінді тесіктің жиектері жіңішкерек қоршамамен қоршалған.
Музей қорындағы бұл мыс ақша VII ғасырдың басында соғдылар мен Орта Азиялық түркілер арасында шаршы пішінді тесігі бар, қиыр шығыс елдерінің нарығында айналымда жүрген ақшалар түрінде құйылған қола монеталар қатарына жатады.