Серкешік немесе таутеке мүсіні(тұмар). Мойынға тағуға арналып, алқа секілдендіріп қоладан құйылған. Өлшемі: 2 х 2,5см. тең. Алдыңғы аяғының жоғарғы жағына бау немесе жіп өткізуге арналған тесік жасалған. Ежелгі дәуірлерде адамдар жан-жануарларды тотем ретінде көп пайдаланғандығының тағы бір айғағы- түркі дәуірінде де адамдар жыланға, бұғыға, көк бөріге тағы басқа аң-құстарға табынған. Бір сөзбен айтқанда –тотемдік аңдар тұмарлық қасиетке де ие болған. Біздің ата-бабаларымыз да ислам дінін толық қабылдамас бұрын ағаштан,тастан, қыштан жасалған аң-құстардың бейнесін, тырнақтарын, тістерін мойындарына тұмар ретінде таққан. Ислам діні енгеннен кейін мұндай заттар ішірткі,құран аяттарын жаздырып тағу түрлерімен алмастырылды. Алайда, тек тұмар ретінде ғана серкешік қолданылған деуге де келмейді, сондай-ақ, ыдыстардың сыртында да жан-жануарлардың бейнелері тотем ретінде көрініс тапқан. Ежелгі кезеңдегі тасқа қашалып салынған суреттердің ішінен таутекенің бейнесі де көптеп кездеседі. Мәселен, скиф-сақ кезеңінің петроглифтері ішінде мүйіздері қырлы болып келген тау текелердің мүсіндері берілген. Таутекенің мүйіздеріндегі бұл қырлар жас ерекшеліктеріне байланысты бедерленуі де мүмкін.
Музей қорына 2006 ж. қабылданған, Түркістан археологиялық экспедициясының жетекшісі, археолог М.Тұяқбаев өткізген. Сидақ ата қаласынан табылған. Сидақ ата қаласының өмірі І-VІІІ ғғ. арасын қамтиды.