ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ЗЕРТТЕУЛЕР

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2021-2023 жж. арналған ғылыми-техникалық бағдарламаларын қаржыландыру бойынша  «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «ХІХ ғ. ортасы – ХХІ ғ. басындағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени тарихын кешенді зерттеу» гранттық ғылыми  жобасы аясында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Түркістан қаласында тұратын түрік этномәдени орталығының тарихын түбегейлі зерттеу мақсатында қорық-музейдің ғылыми қызметкерлері кезекті ауызша, жазбаша мәліметтер жинау жұмыстарын жалғастырды.

1944 жылы Кавказдан Қазақстанға депортацияланған түбі бір — түркі халықтарының 300-ден астам отбасылары бұл күнде Түркістан қаласында тұрады.  Тағдырдың тауқыметін бастан кешірген халық алдымен Түркістанның Ынтымақ, Иқан, Жаңа Иқан, Теке ауылдарына қоныстанған екен.  90 жасқа таяған Юсупов Абдулла қарияның айтуынша «Кавказдан 10 жасымда Түркістанға келдім.  Әулеттің бір бөлігі  Түркістан облысының Сарыағаш, Жетісай, Түлкібас аудандарына қоныстанды. Алайда туыстармен жақын араласуға мүмкіндік болмады. Бізді көп тексерді. 1964 жылы Түркістандағы Мақта зауыты іске қосылып, Ынтымақ, Иқан, Жаңа Иқан, Теке сынды ауылдарға қоныстанған ағайындар жұмысқа тартылды. Қазақ халқына дән ризамыз. Қиын-қыстау заманда біздерді бауырларына тартып, барларымен бөлісті»,-деп ағынан жарылды. Сұхбат барысында Юсупов Абдулла қарияның жары Лала Сапарқызы Юсупова да Түркістанға 7-8 жасында келгендігі жадында әлі сақталғандығын жеткізді. Ал, Маулют Вейсалов 2020 жылы Кавказдағы ата қоныстарына барып, бабаларының табы қалған мешіттің орны әлі күнге дейін сақталып тұрғандығын айтты. Сұхбат барысында көнекөз қариялардан Түркістанның 1950-2000 жж. аралығындағы тарихына қатысты көптеген мәліметтерді естіп, қойын дәптерімізге түртіп алудың сәті түсті.

 Берік Байболов

Алдыңғы ақпарат

Серкеші, ІV-VІ ғғ.

Келесі ақпарат

СҮЙІНІШ-ҚОЖА ХАН ӘБІЛХАЙЫРҰЛЫ