МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ӘНЕТ БАБА

Әнет баба Кішікұлы (кейде Көшек, кейде Күшік деп те аталады) – 1626–1723 жылдар аралығында ғұмыр кешкен әйгілі абыз, Əнет баба атанған ұлы би. Әнет бидің ата тегі қазақ шежіресінде, оның ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлының жазған «Тобықты шежіресінде» былай таратылады: «Орта жүз арғыннан Ақсопы, одан Тобықты, одан Рыспек, Дәулетік (Жуан таяқ), Рыспектен Дауан, Мұсабай, Көкше, Мұсабайдан Сүйірбас, одан Сары, Сарыдан Кішік туады. Кішік атаның бәйбішесінен Сәңкімұрын, Бейімбет, тоқалынан Әнет, Әйтек тарайды. Әнет бабаның бәйбішесінен Байболат, ортаншы әйелінен Жаубасар, одан Өтеғұл, Маң, кіші әйелінен Есболат, Шақа ұрпақтары бар. Ал, Әнеттің інісі Әйтектің бәйбішесінен Олжай, тоқалынан Байбөрі, Қалқаман («Қалқаман-Мамыр» жырының кейіпкері) үрім-бұтақтары тарайды. Ертедегі жаугершілік, шапқыншылық «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» аталған киыншылық заманда Тобықты елі осы күнгі Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Торғай облыстарының жерінде, енді бір аталары ауыл-аймағымен Сырдария, Әмудария араларындағы Қызылқұм даласында және Бұхара, Ташкент, Түркістан, Сауран, Шымкент шаһарларын мекендеп, тіршілік еткен. Тобықтыдан шыққан Ырғызбай, Торғай, Кеңгірбай, Бұхарбай деген билер мен батырлар есімі сол тұста белгілі болса керек. Ендігі бір деректе мына бір әңгіме аңыздалады: Жоңғарлармен соғыста Әнет би алты баласымен бірге жау колында қалып, балалары мерт болады. Екіқабат бір келіні аман калып, одан ұл туады. Оның атын Әнет бабасының соңғы тұяғы деп «Бақай» қояды. Сол Бақайдан Әйтек ата ұрпағы тарайды. Әйтектің бәйбішесінен Олжай, ал тоқалынан Байбөрі, Қалқаман туады. Байбөрі ел басқарған беделді кісі болған соң «Бәкең» аталып кеткен. Осы күнгі «Бәкең балалары» сол Байбөріден тараған. Ал, Калқаман өзі сері әрі батыр жігіт екен. Ол өзінің Мамыр деген рулас қарындасына ғашықтығынан жазықты боп қалады. Әнет би оны өлім жазасына кеседі. Бидің бұйрығы бойынша Қалқаман садақ кезеніп тұрған жігіттердің алдынан шауып өте бергенде, ауыр жараланып, аман қалады. Қалқаман еліне өкпелеп, Алатау асады. Ол Жетісуды жайлап отырған нағашысы Үйсіндер ауылына жетіп пана табады. Осы күнгі Алматы жанындағы «Қалқаман ауылы» сол Қалқаманнан қалған үрім-бұтақтар. Әнет баба – «Жеті жарғыны» құрастыруға қатысқан атақты жеті бидің бірі. Руы Тобықты. Жас кезінде Бұхар-шарифте үйсін Сарышуаш жыраумен бірге медресе бітірген ол ислам қағидаларына, шариғат ережелеріне жүйрік болған. Әділдігімен, діндарлығымен аты шыққан. Қалқаман-Мамыр дауы (қосымша «Қалқаман-Мамыр») кезінде бірін-бірі сүйген екі жас жазадан босатылсын деген билік шығарады, бірақ оған Мәмбетбай руының басшысы Көкенай батыр көнбейді. Ол Мамырды атып өлтіреміз, енді тентегіңді сен де өлтір деген ауыр шарт қояды. Көкенай батырдың ауыр шартына амалсыз көнген Әнет баба: «Қалқаман жүйрік атпен шауып өтсін, Көкенай сонда атсын» – деген тоқтамға келеді. Бұл жазадан Қалқаман аман құтылады. Әнет бабаның Жаубасар, Есболат, Шақа есімді ұлдары болған. Бұлардан бұрын ержеткен бес ұлы қалмақтармен соғыста қаза табады. Әнет бабаның бәйбішесінен туған бес баласы «Ақтабан шұбырындыда» қалмақтың оғынан өліпті. 1723 жылы көктемде жоңғарлар шабуылы басталып, ел «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған кезде Әнет баба жұртта қалады. Кейін Көкенай бастаған батырлар ұлы бидің сүйегін тауып, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлейді. Қаза тапқан бес ұлынан нәсіл қалғаны мәлім емес. Мұнда сол бәйбіше баласы – Байболат дегеннің Балуан, Бақай деген екі баласы бесікте келген екен, соның Балуанынан тұқым жоқ. Бақайдың балалары өсіп-өнген. Әнет бабаның басқа әйелдерінен Жаубасар, Есболат, Шақа деген ұрпағы бар. Әнет баба тек Тобықтыға ғана емес, исі қазаққа қадірменді баба. Қазақтың әйгілі төбе билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерге және «көмекей әулие» атанған Бұқар жырауға батасын берген қайраткер тұлға.

Алдыңғы ақпарат

Ұдайы айту әдебі және уақытымен айту әдебі

Келесі ақпарат

БОПАЙ ХАНША