МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Музей қорындағы ХІІІ ғасырға тән Алтын динарлар

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының нумизматикалық жәдігерлер қорында ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысына тән 15 дана алтын динарлар қордаланған. Бұл жәдігерлер музей қорына бір-екі жыл көлемінде бірнеше адамдар тарапынан әкеліп өткізілген.

2004 жылы Отырар қалажұртының маңындағы Арыс өзені бойынан ХІІІ ғасырға тән алтын динарлар көмбесі табылған болатын. Музейіміздің қорына өткізілген динарлар сол көмбенің құрамындағы тиындар болуы керек деген болжам бар.

Музей қорындағы ХІІІ ғасырға тән алтын динарлардың құрамына келер болсақ, 1 данасы Орду ақша сарайында ХІІІ ғ. алғашқы ширегінде соғылған. 620 х.ж. (1220-шы жылдар) дәл осы типте соғылған күміс дирхемдер Баласағұн қаласынан табылған болатын. Музей қорындағы алтын динардың беттерінде соғылған жылдық жазбалары сақталмағандықтан, жоғарыда айтылған, осы динармен типтес дирхемдердің соғылған жылдарын есепке ала отырып, музей қорындағы динардың да соғылған жылын осы 1220-шы жылдар аумағынан деп қарастырдық.

3 дана динар Самарқан ақша сарайында соғылған. Олардың ішінде біреуінде ғана 641 х.ж. (1243-1244 ж.) соғылғандығы көрсетілген жазбасы сақталған. Айта кететін маңызды жайттың бірі, осы Самарқанда соғылған динарлар қатарында типологиялық тұрғыда бүгінгі таңда әлемде белгілі болып отырған Шыңғыс хан атымен соғылған жалғыз динарда да бар.

Динарлардың 3 данасы Бухара ақша сарайында, Халифа Наср лид-Дин Аллаһ есімі мен «Калима» жазбасымен шекімеленген.

1 данасы ХІІІ ғасырдың басында (ХІІІ ғасырдың 10-шы – 20-шы жылдар аралығы) Хорезмшах Мухаммед бин Текеш атынан соғылған динар.

Қалған динарлар беттерінде ақша сарайы атауының жазбасы сақталмаған немесе, мүлдем түсірілмеген. Ол динарлардың ерекшеліктеріне келер болсақ, 2 дана анонимді динардың екі бетіне де «Калима» (Ла илаһа илла Аллаһ мухаммад Расул Аллаһ) жазбасы түсірілген.

6 дана динардың бір бетіне «Калима», келесі бетіне Халифа Наср лид-Дин Аллаһтың есімі түсірілген.

1 данасы алтын динар сынығы.

ХІІІ ғасырда соғылған алтын динарлардың тарихына келер болсақ, Орта Азияда моңғол шапқыншылығынан кейін ХІІІ ғ. ортасына дейін алтын ақшалардың тұрақты шекімесі болмады. Орта Азияда 1251 жылы Мөңкенің қаған болып жарияланып, құрылтай өткізген жылымен тұспа-тұс келеді. Осы жылы өткен құрылтайда жаулап алынған жерлерден жиналатын салықтың «Купчур» түрі бекітілген болатын. Бұған дейін жергілікті халықтан жиналып отырған «Ихражат» және «Илтимасат» сынды салықтарды қысқартып, олардың орнына көлемі белгіленген, жылына бір рет төленетін «Купчур» салығын алтын динарлармен жинау бекітілген болатын. Құрылтайда қарастырылған салық мәселесіне байланысты Орта Азияда сауда қатынасын реттеп, нарыққа толыққанды айналым құралы қызметін атқаратын төмен сынамдағы алтын динарларды өндіріп отыру ісін ретке келтіру қажеттігі туындады.

«Купчур» салығын реттеу, жинау мәселесі жүктелген, ұлы моңғол мемлекетінің билігі тұсында Орта Азияның билеушісі ретінде тағайындалған көпес-билеуші Масуд-бекке жүктелген еді. Ол алтыннан ақша соғып отыратын ақша сарайларын іске қосып қана қоймай, соғылған алтын динарлардың белсенді түрде сауда айналымында жүруін қамтамасыз етуі керек болатын. Егер, олай етпесе алтынан соғылған ақшалардың барлығы айналымда ұзақ жүрмей, жеке адамдардың көмбелеріне айналатынын білген. Сондықтан, алтын ақшалардың сынамын саналы түрде төмендетумен оның  күнделікті сауда айналымында толыққанды жүруіне мүмкіндіктер жасалды.

Ортағасырлық Орта Азия нумизматикасын зерттеуші белгілі нумизмат ғалым Е.А.Давидович ХІІІ ғасырдағы Орта Азияның ақша шекімелеу ісін 3 кезеңге бөліп қарастырады. Ол кісінің кезеңдестіруі бойынша музей қорында алғашқы екі кезеңге тән алтын динарлар сақтауға алынған. Жүргізілген нумизматикалық зерттеулер бойынша ІІ кезеңде (ХІІІ ғасырдың 50-70 жылдар аралығы) соғылған алтын ақшалар ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысына дейінгі уақыт аралығын қамтитын І кезеңге қарағанда әлдеқайда көп мөлшерде соғылып отырған.

Түрлі жылдарда табылып отырған ақша көмбелер мен жекелеген тиындармен жүргізілген зерттеу жұмыстары ХІІІ ғасырдың ортасынан бастап ХІІІ ғасырдың 70-ші жылдарына дейінгі уақыт аралығында алтын динарлар үздіксіз соғылып отырғандығын көрсетеді. Бұл кезеңде Отырар, Ходженд, Бухара, Самарқан, Орду ал-Ағзам, Алмалық, Герат т/б ақша сарайлары өлкенің нарығын алтын ақшалармен қамтамасыз етіп отырған.

ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап 20 жылдай аралықта соғылып отырған Ұлы Моңғол мемлекетінің алтын динарлардың метрологиялық көрсеткіштеріне жүргізілген сараптамалар нәтижесінде алтын динарлардың салмақ көрсеткіштері белгілі бір стандартты ұстанбағандықтары белгілі болды. Дегенмен, олардың сынам көрсеткіштері төмен болса да (негізінен 500 бен 580 % сынам көрсеткіші аралығында), ортақ көрсеткіш бойынша соғылып отырғандығын көрсетті. Яғни, алтын ақшалар даналап емес, салмақ көрсеткіштері арқылы айналымда жүрген. Бұл тұжырымды осы кезеңге тән алтын ақшалар көмбелерінің құрамындағы динар кесінділері де растай түседі. Мемлекет алтын ақшаларға белгілі бір сынамды белгілеп беру арқылы олардың салмақ көрсеткіштері арқылы айналымда жүрулеріне жағдай туындатқан.

Көмбе құрамында бүтін ақшалармен қатар көп мөлшерде кездесіп отыратын динарлардың кесіліп алынған бөліктерінің салмақ өлшемдеріне жүргізілген сараптама жұмыстары олардың жосықсыз кесіліп отырмағандығын көрсетті. Тиын кесінділерінің көпшілігінің салмақ өлшемдері бүтін динарлардың орта салмағының жартысын, 1/3 бөлігін, ¼ және 1/10 көрсеткен. Осыған қарағанда динар бөліктері де сауда жасауға қолайлы белгілі бір салмақ көлемінде кесіліп отырғанға ұқсайды.

Бұл кезең нарығында айналымда жүрген алтын ақшалардың барлығы соғылған ақша сарайлары мен жыл айырмашылықтарына қарамастан типологиялық тұрғыда бір-біріне жақын болған. Тиындар беттеріне түсіріліп отырған жазбалар түрлері де көп емес. Негізінен ислам дінінің сенім негізі – Калима жазбасы (لا اله الا الله محمد رسول الله  және لا اله الا الله وحده لا شريك له) және халифа Наср лид-Дин Аллахтың аты мен атақ-лауазымының жазбасы  түсіріліп отырған. Оған қосымша ақша сарайы атауының жазбасы, кей тиындар беттерінде خاني (Хани) эпитеті мен قاان (Қаған) лауазымы және қосымша компоненттер орын алуы мүмкін. Жазбалардың тиындар беттерінде орналастырылуы да айтарлықтай біркелкі үлгіде.

Алдыңғы ақпарат

ҒАШЫҚ ЖҮСІП АТА

Келесі ақпарат

ТАРИХ АПТАЛЫҒЫНДА ҚҰНДЫ МҰРАЛАР КӨРСЕТІЛДІ