Балбалдар — ежелгі түркі дәуірінде жиі кездесетін тастан қашап жасалған адам бейнесіндегі тас мүсіндер. Олар біздің заманымызға «балбал тас», «сын тас», «баба тас» деп әр түрлі атаумен жеткен. Қазақстан даласындағы алғашқы балбал тастар ежелгі сақ дәуірінде болған, дегенмен олардың кеңінен даму мәдениетін түркі дәуірі кезеңіне жатқызады. Деректерде балбалды — көне түркі сөзі деп, балбал сөзін бал+бал, яғни соғу, қағу, ұру дегенді білдіретін қос сөзден тұратын, бірақ бірыңғай мағынаны білдіретін ұғым десе, Түрколог ғалымдардың пікірінше «тасты тіп-тік етіп қадап орнатқан белгілер» деген мағынаны білдіретіндігі айтылады. Балбалдың этномәдени жөн-жосығы ежелгі түркі дәуірінде (VI-IX ғғ.) айрықша болған.
Түркілер заманынан б.з. ХІІ ғасырына дейін, Орталық және Шығыс Қазақстан, Жетісу өңірінде дүние салған адамның басына ескерткіш есебінде, оның мүсіндік бейнесі тастан ойылып қойылатын болған. Мұндай тас ескерткіштердің басым көпшілігі жауынгер сарбаздар зиратына қойылады.
Музей қорында балбал тастардың 3 данасы бар. Біріншісі VІІІ-ІХ ғғ. тән. Балбалды Қызылқұм ауданы, Балтакөл ауылының тұрғыны А.Алтаев өткізген. Оны Оңтүстік Қазақстан облысының «Мұзбел» деп аталған жерінен тапқан. Балбал тас – ұзынша тікбұрышты ірі тау тасынан түрегеп тұрған адамның бейнесінде жасалған. Тастың алдыңғы жағы өңделген, биіктігі 176 см., ені 39 см. қалыңдығы, 14 см. Бет әлпеті монғол тектес, көзі қысыңқы келген, мұртты ер адам. Белін қынай буған белбеуі бар. Оң қолында ыдыс, сол қолымен беліндегі қылыштың сабын ұстаған. Қолындағы ыдыстың жоғарғы бөлігінде ромб тәрізді тұмары бар. Бұл жауынгердің бойтұмары болса керек. Мойнында тұмардың жібі аздап байқалады. Оң құлағының төменгі бөлігі сынған, екінші құлағына сырға тағылған. Аяғына мәсі кебіс секілді аяқ киім кигізілген.
Екінші VІ-VІІІ ғғ. тән балбал, Түркілер кезеңіне сәйкес келеді, бірақ тастағы адамның бет бейнесі анық сақталмаған, уақыттың өтуінен көмескіленіп қалған. Өлшемі бойынша 97 х 48 х 19 см. тең болып келген қызғыш тастан жасалған.
Музей қорындағы үшінші балбал тас ІХ-ХІІ ғғ. тән. Өлшемі бойынша 120 х 35 х 19 см. болып келген сұрғылт түсті тасқа қашалып жасалған адамның бет әлпеті оның ішінде ерні, мұрны, көзінің пішіні анық айқындалған. Балбалтастар Жетісіу жерінен табылған. Оларды музей қызметкері М. Тұяқбаев 1985 ж. Археология институтының қорынан әкелген.
Осы тәрізді тас мүсін кейпіндегі балбалдар Қазақстан жерінде өте көп болған, сондай ақ, Монғолия, Сібір (Енисей бойы), Шығыс Түркістан, Оңтүстік орыс даласы мен Кавказ өңірінде өте көп кездеседі.
Сан ғасырлардан бізге жеткен осындай балбал тастар тарихымыздың тереңде, мәдениетіміздің өрде болғанын көрсететін баға жетпес құндылықтарымыздың бірі болып саналады.
Ә.Егеубавева, қор бөлімінің қызметкері.