«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтың ғылыми кітапханасына Түркістан облысы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі Сержан Оразбай жұмысшы топтың дайындаған кітаптар жинағын тапсырды. Өңірлік комиссияның баспа қызметінің жоспарына сәйкес, 2022 жылдың қорытынды жұмыс нәтижесі ретінде 1 тізім, 6 құжат жинағы және 1 монография «Арыс» баспасынан жарияланған.
Түркістан өңірі тарихының ақтаңдақтарын толықтыруға арналған үлкен жұмыс нәтижесінде Х.Тұрсұн, Д.Кенжетай, С.Оразбай, М.Төлегенов, А.Сандыбаева, З.Адилбекова, Г.Шардарбекова, т.б. бірқатар ғалымдардың ұжымдық еңбектері «Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясаты және дін қызметкерлерінің қуғындалуы» монография, «Отырықшыландыру мен шаруаларды күштеп жер аудару науқаны. Архивтік құжаттары жинағы», «Бостандық және Созақ аудандарындағы көтерілістерге қатысты архивтік құжаттары мен мақалалар жинағы», «1920-1921 ж.ж. және 1930-1933 ж.ж. ашаршылық» құжаттар жинағы, «Мемлекеттік террор мен қуғын-сүргіннен туған жерін тастап, Қазақстаннан тыс жерлерге (Өзбекстан,Тәжікстан) ауа көшкендердің архивтік құжаттары мен естеліктер жинағы», «Түркістандағы Алаш қозғалысы. Құжаттар мен мақалалар жинағы», «Кеңес өкіметінің дін саясаты және діни себептермен қуғындалғандарға қатысты архив құжаттары» атауларымен жарық көрді.
Ғылыми топтың еңбегіне шығармашылық табыс тілейміз және ғылыми құндылығы зор, төл тарихымызға қосар үлесі маңызды жинақтарды ғылыми орта мен көпшілік қауым зор ықыласпен қабылдайды деп сенеміз.