Тәуелсіздік күніне арналған жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым, археолог Марат Тұяқбаевқа «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыс етті.
Тұяқбаев Марат Қымызұлы — 1982-1989 жылдар аралығында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде экскурсовод, кіші ғылыми қызметкер, 1990 жылы ғылыми-зерттеу және жобалау институттының Түркістан филиалында ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарған.
1995 жылдың 1-сәуірінен бастап, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде аға ғылыми қызметкер жұмысын бастап, бүгінге дейін музей ісін дамыту жолында ерен еңбектер атқарып келеді.
Марат Тұяқбаев Түркістан, Отырар, Сауран қалаларының ескі орындарын Алматы қаласындағы «Археология және этнография» институтының мамандарымен бірлесіп, бірнеше археологиялық экспедициялар жасаған.
Түркістан оазисіндегі бірнеше тарихи нысандарға археологиялық жұмыс жасауда басшылық жасап, музей қорын көптеген экспонаттармен толықтырды.
2000 жылы Түркістаннның 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында қорық аумағынан «Археология және этнография» және «Түркістан тарихы» музейлерінің эскиздерін жасап, музейлердің ашылуына ерен еңбек атқарды.
Марат Қымызұлы Түркістан оазисінде 50-ден аса қалашық пен қоныстарға зерттеу жүргізген. Түркістан оазисінде ежелгі дәуірден кейінгі ортағасырларға дейінгі аралықта қалалар мен қоныстардың дамуының археологиялық карталарын жасаған.Түркістан қаласындағы «Түркістан қаласы музейі», «Қылует жерасты мешіті», «Жұма мешіт музейі», «Археология және этнография музейі», «Н.Оңдасынов музейі», ашық аспан астындағы «ХҮІІІ ғ. көшесі» музейлерінің тақырыптық-экспозициялық жоспарлары мен экспозицияларын құруға қатысқан. Сондай-ақ, Дамаск қаласындағы «Әл-Фараби мавзолейі мен этно-мәдени орталығының» тақырыптық-экспозициялық жоспар мен экспозициясын дайындаудың халықаралық жобасына қатысушы, ҚР Тұңғыш Президентінің Теміртау қаласындағы музейінің тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасаушылардың бірі.
Белгілі археолог бірнеше мадақтау қағазымен марапатталған.
Марат Қымызұлы- көптеген ғылыми мақалардың және «Ортағасырдағы Түркістан», «Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар», «Түркістанда жерленген қазақ билері», «Түркістан сырлары», «Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер» сынды бірнеше кітаптардың авторы.