Кітапхана – төбесі алты қырлы күмбезбен көмкерілген, шұңғыл ойықтарының әсерінен, созылыңқы болып көрінетін шаршы бөлме, екінші қабаттың деңгейіндегі айналма арқылы көрші бөлмелерге шығатын есіктер бар. XVI ғ. Түркістанда кітапхана болды деген деректің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Ғалым Ә. Дербісалиев өз зерттеулерінде Түркістаннан ат-Туркистани деген атпен жүз шақты ғалым шыққанын айтады. Жалпы алғанда ислам ғалымдары математика, химия, физика, механика, астрономия, медицина, философия, т.б. ғылым салаларының дамуына өлшеусіз үлес қосқан. Мұнда бұрын көне жазбалардың ескі басылымдарының кітапханасы орналасқан. Шығармалар көшірілетін, іс-қағаздарын тіркейтін орын болған. Бұған дәлел бөлменің кітапхана деп аталуы. Осында ХІV – ХІХ ғ.ғ. Түркістан тарихына байланысты құжаттар әр түрлі ақпарлар мен қолхаттар сақталған. Бізге жеткен көне кітаптардан ХІІ ғ. Құраны ХV ғ. алгебрасы, математикасы, шығыс авторларының көптеген шығармалары, оның ішінде Ахмет Ясауидің «Диуани Хикметі» 1934 жылы Қаз.ССР Ғылым Академиясы мен республикалық А.С.Пушкин атындағы кітапхананың сирек кітаптар қоры бөліміне тапсырылған.