Қазақтың ерекше тұрмысы, салты мен дәстүрінен нәр алған ұлттық киім үлгілерінің бірі — кимешек. Кимешек – қазақ әйелдерінің дәстүрлі ұлттық бас киімі. Кимешектің кең байтақ қазақ жерінің кей өңірлерінде шылауыш, бұрама жаулық, иекше, т.б. атаулары да кездеседі. Кимешекті көбінесе ақ матадан, кейде ақ жібек матадан адамның басына лайықтап пішіп, тігеді. Кимешектің иекті айнала, маңдайды жауып тұратын екі жағын шықшыт дейді. Кимешек, қазақ арасындағы әйел қауымы мәртебесінің салтанатын, биіктігін, пәктігін білдіреді. Кимешектің алдыңғы жағы «жақ» деп аталады. Оны көбіне кестелеп, әрлеп отырған. Кимешекті жеке адамның басының пішіміне, көлеміне қарай сәйкестендіре пішіп, тігетін болған.
Кимешектің белден төмен түсіп, шашты жауып тұратын ұзын ұшы «құйрықша» деп аталады. Кимешек кеуде, иық, жонды жабатындай тұйық етіп жасалады. Тек, әйелдің жүзі ашық тұратын жерінде ойық болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді. Жылтыр жіптермен бастырылып, сырыла тігіледі. Ал, ойықтың жиегін өңді жіппен шалып тігеді. Мұны «алқым шалу» дейді. Кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл Кимешекке сән беріп қоймай, жеңіл матадан тігіліп отырған кимешекті төмен қарай басып, жазылып тұруына сеп болады.
Әр өңірдің әйелдері киетін кимешектің негізгі үлгісі өте ұқсас болғанымен, жеке бөліктері мен кимешекке түсіріліп отырған өрнектерінде айырмашылықтары болады. Аналарымыздың әсемдігін арттырып, ажарын кіргізетін қазақы киімдердің, оның ішінде қазақ әйелдері күнделікті тұрмыста киген бас киімдерінің ең көрнекі үлгілерінің бірі болып саналатын кимешекті қазақ қашан да киелі санаған. Себебі, кимешек бойына әйел затының әсемдігін толықтырып қана қоймай, ұлтымыздың ғасырлар бойы ұстанған дәстүрінің негізінде әйел заты болмысының қандай болуы керек екендігін айшықтайтындай.
Ананың, әйел затының киесін қадір тұтқан қазақ қоғамында киелі саналатын бас киім – кимешектің бір үлгісі музейдің қорында сақтауға алынған. Музей қорына сақтауға берілген бұл кимешекті ОҚО-сы Отырар ауданы Балтакөл ауылының тумасы, 1920- 1989 жылдар аралығында өмір сүрген әуесқой археолог, ҰОС ардагері Адасқан Алтаев өткізген. Аталмыш кимешек бұл кісінің анасынан қалған зат. А.Алтаевтың анасының есімі Дүрия болған. Дүрия әжейдің қай жылы өмірге келгені, өмірден қай жылы өткені туралы деректер берілмеген.
Кимешек ақ түсті жібек матадан тігілген. Кимешектің басынан белден төмен түсіп шашты жауып тұратын құйрықшасына дейінгі ұзындығы 110 см, ені 106 см. Кимешекте әйел адамның бет әлпеті ашық тұратын ойығы бар. Ойықты айналдыра жасы егде тартқан әйелдердің кимешегіне түсіріліп отыратын кестелеі ою түрлері ашық сары, ақ жіппен кестеленіп тігілген.
Өмір салты күн санап өзгеріп жатқан бүгінгі заманда тақиясы мен кимешегін тастамайтын, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай жүрген қарттармыз да баршылық.
Кимешектің бойында, әр аймақтың тұрмыс-тіршілігіне, климаттық ерекшеліктеріне байланысты өзгешеліктер орын алып отырған. Алайда, қазақ әйелдерінің кимешекті киюдегі түпкі мән-мақсаты өзгермеді. Ар мен ибаға толы қазақ әйелінің бойындағы кие мен сұлулықты айшықтай түсетін, суықтан, аптап ыстықтан қорғайтын киелі бас киім – кимешекті кие тұту, кию, болашақ ұрпағымызды арлы да нәрлі ата жолын берік ұстануға сеп болары анық.