
Ескі Түркістан қалашығының аумағында орналасқан. Жергілікті маңызы бар ескерткіш. 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша №594.2 нөмірімен «Қазақстан тарихы мен мәдениеті ескерткіштерінің жинағы» жинағына енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды. Бұл ғимарат Түркістан жаяу әскер батальонының 1-ші ротасының кіші офицерлеріне арнап салынған казарма.
Бұл тікбұрыш пішінді, шатырын темірмен жапқан, кірпіштен соғылған бір қабатты ғимарат. Ғимараттың ұзындығы 70 м, ені 15 м. Қасбеттері симметриялы, орталық және бүйір бөліктері білінер білінбес ризалиттермен безендірілген және жақтаулармен безендірілген. Қабырғаның енін терезе ойығы мен пилястрлар бөліп тұрады. Интерьер жобасының құрылымы симметриялы: үлкен зал үш бөліктен тұрады, екі қатар бағандармен бөлінген.
1990 жылдары ғимаратты Түркістан қаласының тарих мұражайына айналдыру идеясы пайда болды. 1995 жылы «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығы Ә. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесе отырып, Түркістан өңірінде орналасқан ортағасырлық қалашықтар мен қорымдарды зерттеу бойынша болашақта құрылатын «Түркістан тарихы» мұражайына материалдар жинау мақсатында, Түркістан археологиялық экспедициясын құрды.
Тарихи ескерткіш ғимараты мұражайдың мекенжайы ретінде таңдалды. 8 бөліктен тұратын мұражай экспозициясы құрылып, Түркістан қаласының 1500 жылдығы қарсаңында мұражай ретінде ашылды.
2014-2015 жылдары ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, ал 2016 жылы ескі экспозициялық қойылымдарды жаңа шешімде қайта экспозициялау, жаңғырту, толықтыру, реконструкциялау жұмыстары жүргізілді.
С. Салходжаев, «Әзірет Сұлтан»музей-қорығының инспекторы