Қаратаудың етегінде орналасқан киелі обьект. Мазары таспен қаланған екі бөлмеден тұрады, екі ойықша терезесі бар. 2010 жылы көне мазардың іргесі бетоннан құйылып, қабырғасы күйген қышпен көтерілді. Шатыры жылтыр қаңылтырмен жабылған. Ұзындығы 8,4 метр, ені 5,5 метр, биіктігі 2,8 метр. Үйрек ата туралы деректер ғылыми әдебиеттерде кездеспейді, арнайы зерттелмеген. Тек Орынбай Дастановтың «Әулиелер туралы шындық» атты еңбегіндегі аңыз-әпсана арқылы білеміз. Ілгеріректе Қарнақ медресесінде оқып жүрген шәкірттердің жағар отыны таусылғанда Үйрек ата әулиенің басындағы қураған ағаш бұталарды шауып, түйеге артып, шөккен түйені тұрғызайын десе арқандары өзінен өзі қиылып кетеді. Қайтадан тиейді, отынды байлаған арқан тағы қиылады. Не керек, арқан қиыла берген соң бәрі Үйрек атаның әруағына құран бағыштап оқиды. Осы әрекетті күтіп тұрғандай қабірден «Менің ағашыма қиянат жасамаңыздар» деген үн естіледі. Бұл тосын шыққан үннен бойларын үрей билеген шәкірттер шапқан отындарын сол күйі тастап, елге қарай тұра жөнеледі. Екінші бір аңызда Кеңес дәуірінде бір кісі колхоздың жылқысын айдап келе жатып Үйрек атаның басына тоқтайды. Ағашын жағып, шай қайнатып ішеді де көзі ілініп кетсе бір қара кісі Үйрек атаның қабірінен шығып оған тас лақтырады. Қатты қорқып бұғып қалған әлгі кісінің үстінен ұшқан тас алпыс жеті құлынның ішіндегі асыл тұқымдағы ерекше құлынға тиіп, басы ұшып түседі. Үйрек ата әулие кейбір көңілі таза адамдарға түкті денелі кісі болып көрінгенін айғақтайтын әңгімелер ел арасында өте көп.