Күндестік деген қызыл ит кімге опа берген десеңізші. Өзгенің өскенін, даңқының асқанын көре алмайтын күншілдер о заманда да аз болмапты. Ханның Ақман, Қараман деген екі уәзірі Қожа Ахмет Ясауидің әулиелігіне күмән келтіріп, қара ниетпен сынамаққа бір өгізді сойып, жерге көмеді. Сөйтіп, ертеңіне келеді де: «Түнімен ұрлық қыласың да күндіз тығылып жатасың, шықта шық», – деп Қожа Ахмет Ясауиді жер астынан сүйрегендей етіп сыртқа шығарады. Өздері көмген етті тауып алғансып дүйім жұрттың көзіне көрсетеді. Сонда Қожа Ахмет Ясауи күйінгендігінен бетін сипағанда, жаңағы екеуі бірі ақ ит, бірі қара ит болып, ұрлықы өгіздің етін таласып жей бастапты. Бірақ, Қожа Ахмет Хазірет: «Мен бұларға зәбір қылмайын», – деп, екеуін де қайта адам қалпына келтіріпті.