МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Ескі Түркістаннан табылған сандал-ошақ үстелі мен сандал-ошақтар жайлы мағлұмат

Сандал-ошақтар Түркістан өңірінде алғашқы рет, Ортағасырлық Отырар қалажұртынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 км жерде орналасқан Құйрықтөбедегі XII ғасырға жататын үйлер ішінен анықталды.

XII ғасырға жататын үйлер ішінен анықталғанымен, дәл XII ғасырда пайда болады деген сөз емес. Оған тағы тұрғын үйдің өмір сүрген уақытын қоссаңыз, тарих қойнауына сүңгіп тереңдей түсетіні анық. Көне Түркістандағы Хан ордасынан археологиялық зерттеулер барысында сандал-ошақтар әр бөлмеден, әр құрылыс қабатанан анықталды. Яғни атадан балаға мұра болып, жалғаса берді.

Әр өңірдегі археологиялық зерттеулер барысында тұрғын үйлерден сандал-ошақтар көптеп анықталғанымен, сандал-ошақтың үстелімен табылғаны жоқтың қасы. Ал мына мыны сандал-ошақ пен үстелі, ескі шаһардағы Қазыбек би көшесі №116 үйден анықталды. Үй егесі Тұрсын апайдың айтуы бойынша 1965-66 жылдары соңғы рет сандал-ошаққа шоқ салынғанын көзімен көріп қызуына жылынған. Тұрсын апай ол кезде 12-13 жаста болған. Сандал-ошаққа күздің суық күндері, әсіресе адамдар тұмауратып немесе суықтап ауыра бастаған кезде отырған. Демек сандал-ошағының адам денсаулығана да пайдасы зор.

Сандалда отыру процедурасы. Процедура деген себебіміз, сандалда отыру процесі медицина тілімен айтсақ ыстық аяқ ваннасы немесе физлечениенің бір түрі. Шоқ салынған ошақтыңүстіне сандал үстелін қойып үстіне үлкен көрпе жабылады. Айналдыра отырған адамдар көрпенің астына аяғын салып, қымтана отырып ыстық шәй немесе сорпа ішеді.

Аяғын сандал үстелінің астына салбыратып отырса да болады, ер адамдар молдас құрып ал әйел адамдар аяғын жинап отырса да болады. Аяғын салбыратып отырған адамға ыстық әрине көптеу барады. Адыраспан шөбінің вирусқа қарсы қасиеті балғандықтан, шоққа адыраспан тастап отырған. Тұрсын апайымыздың жасы жетпіске келіп қалса да аяғының ауырмайтынын тілге тиек етті. Тағы бір айта кететін ақпарат ошақ сандал-ошақ деп аталғанымен, ошаққа от жағылмаған. Тек ауладағы немесе сыпа үстіндегі тандыр-ошаққа ас дайандап болғаннан кейін, соның шоғын әкеліп салған.

Тағы айта кететін бір мәселе, бұның атауында. Археологиялық зерттеулер барысында анықталған сандал ошағы «Сандал-ошақ»- деп айтылып жүр. Менің пайымдауымша бұл дұрыс емес. Сандал мен ошақ екеуі екі бөлек зат. Бұл екі затты бірге немесе екеуі де бар болғанда ғана сандал-ошақ деп атаса болады. Ал жеке-жеке үстелді-сандал, ошағын-сандалдың ошағы немесе сандалдың шұңқыры деп атаған дұрыс.

М.Амантуров, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және есепке алу бөлімі

 

 

DCIM100MEDIADJI_0298.JPG

Алдыңғы ақпарат

Музей қорындағы Сығанақта шекімеленген Ақ Орда пулы

Келесі ақпарат

ҚҰМАН-САМАУРЫННЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ КӨРІНІСІ