МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ӘДЕПТІ БӨЛШЕКТЕП САЛЫСТЫРУ

(«Бустан ул-мухиббинннен» үзінді)
Білің, ей, достар! «Минһаж ул-мұттақиндағы» пәтуаларда: «Әдеп екі түрлі болады. Бірі – «адаби фиғли» (амал жасау, амал ету әдебі), бірі – «адаби қаули». Бірақ, адаби фиғли жоғары тұрады. Өйткені «адаби фиғли» Аллаға махаббат қылуға себеп болады» дейді. Алла тағала айтады: «Уа, Мұхаммет! Егер Алланы жақсы көрсеңдер онда маған еріңдер, сонда Алла да сендерді жақсы көреді деп айт» (3:31) дейді. Және ұлылар айтады: «Әркім адаби фиғлимен Хаққа мұқарраб болса, Алла Тағала оның көңілін махаббатымен тартады. Және адаби фиғлисыз адаби қаули арқылы мұқаррабтық жемісі болмайды. Бәлкім үмітсіздікке, алыс болулыққа соқтырады. Нағузу биллә мин зәлик. (Мағынасы: Алла сақтасын бұл нәрселерден). Ол турасында Алла Тағала: «Істемейтін нәрселеріңді айтпаңдар. Алланың қасында ең жек көрінішті нәрсе – істемейтін нәрселерін айту» (61: 2, 3) дейді. Бұл екі түрлі әдептің әрбірі екі бөліктен тұрады. Адаби фиғлидың бір бөлігі – ұдайы (амалдарды тұрақты, үнемі орындау), бір бөлігі – уақтылы, уақытында, дер кезінде орындап отыру.
Ұдайы жасайтын әдеп жиырма сегіз әдеп болды.
Бірінші іштей және сырттай Құдайға көңіл қойып, Одан басқадан жүз қайтару керек. Бұл әдеп Пайғамбарымыз ғ.с-ға тән. Ол турасында Хақ Тағала мына аятта хабар береді: «Көңілін (Құдайдан, ізгіліктен) басқа ешнәрсеге бұрған жоқ» (53:17). Екінші, таза жүрек керек. Үшінші, сырға берік болғай. Төртінші уақытты бос өткізбеу, тиімді пайдалану. Бесінші, бөтен ойды қуалау. Алтыншы, әйел, бала-шағаның нәпақасын табу. Жетінші, зуһдтық, тақуалық, Құдайдан қорқулық керек. Сегізінші, жан-тәнімен Алла Тағалаға шүкірлік қылу керек. Тоғызыншы, бас, қол, аяқтарына ие болу керек, яғни тамам сыртқы ағзалары шариғат пен тариқатқа сәйкес болу керек. Оныншы, Алланың сипатына және жаратқандарына үнемі пікір қылуға ынталы болсын. Он бірінші, барлық жағдайларда Хаққа малын құрбан қылсын. Он екінші, айбаттың жәрдемімен өз-өзін қор санап жуас, сыпайы болсын, ұяттың жәрдемімен сынық болсын. Он үшінші – дін үшін ұрандау жолымен Алла Тағалаға тағзым етуді талап қылу. Бұл көрініс әрқашан жария зікірде болады. Өйткені «Жамиғ ул-ғулум» деген кітапта: «Жария зікір – мысалы, азан сияқты дауыстап ұрандаудың түрлерінің бірі» дейді. Кейбір фиқһ кітаптарда: «Жария зікір – мысалы тәлбие (ләббайка) секілді Алланың әмірін, бұйрығын бар ынта-шынтасымен орындауға әзір екенін білдіріп орындалатын амалдардың бірі» дейді. Он төртінші, барлық уақытта Алла Тағалаға тәуекел етсін. Он бесінші, қажырлы, жігерлі болсын. Он алтыншы, тағаттың күшімен наразылық, қарсылықты тәрк етсін. Он жетінші, барлық халайықтан көңілі қалып, үмітін үзсін. Он сегізінші, бойынан Алла Тағаланың сипаттарын тапсын. Он тоғызыншы, Алла Тағаланың әулиелерін дос тұтсын, бұл жамағатты дұшпан тұтқан халықты дұшпан тұтсын. Жиырмасыншы, өте абай, сақ, сезімтал болсын, оның өте көркем жоғары дәрежесі – Алла Тағаланы көріп тұрғандай ғибадат қылу, ал төменгі дәрежесі: «Құдайды көре алмасам да, Құдай мені көріп тұр» деген ниетте болсын. Бәлкім әдет істерде де осындай сезімталдық керек, мысалы, сондай әрекет ету, дем алу, сөйлеу, үндемеу, ішпек, жемек, ұйықтамақ, ояулық барша кезде өте күшті сақ, сезімтал болсын. Жиырма бірінші, ұдайы нәпсіні шектеп, тойдырмай жүру, яғни нәпсінің күшейуіне және жанаярлығына назар салмасын, бәлкім әр уақыт нәпсіні тежеп, шектеп: «Ей, надан нәпсі! Жақсылығыңды паш етіп, жаманшылығыңды ұмытасың» деп жазалап, сөгіп, кінәласын. Егер Хақты іздеуші өзінің ішкі, сыртқы айыптарынан хабардар болмаса, бұл Хақты іздеуші өз айыбына жаһил, надан екенін білсін. Кісі өз айыбына надан болса, жаһанда одан өткен ақымақ кісі болмайды. Ақымақтықтан өткен айып жоқ. Олай болса, кісі өзін лайықты, пәк, иманды көрсе, ол надандық пен жаһилдіктің нышаны. Сол үшін Хақ Тағала ол нәрсені мына сөзімен тыйды: «Өз-өздеріңді мақтамаңдар» (53:32) дейді. Бұл аят – бұл бапқа дәлел және құжат. Жиырма екінші, істеген істері үшін «жақсы іс қылыпты» дегендей мақтау сөздер дәметпесін. Жиырма үшінші, ішкі және сыртқы қылықтарын бірдей біліп, тең ұстасын. Яғни үміт пен қауіпті, алған мен бергенді т.б. баршасын парапар білсін. Жиырма төртінші, ұдайы жасайтын әдеп ол-дүр өле-өлгенінше Құдайды зікір етіп, беталды сөйлемеуге мықты болсын. Жиырма бесінші, барлық жағдайда ықыласты, шыншыл болсын. Жиырма алтыншы, сабырлы болсын. Жиырма жетінші, қорқынышта болсын. Жиырма сегізінші, үмітті болсын.
Адаби фиғлидың екінші бөлігі – уақытында, дер кезінде орындалатын әдептер.
Ол тоғыз әдептен тұрады. Бірінші, Құдайдың әмірін тұтып, тиыл дегенінен тиылу. Екінші, уақтылы уирдтерді (аранайы берілген құлшылықтар) өзінің мойнына алған болса, тәрк етпестен және қысқартпастан ұқыптылық қылсын. Үшінші, дұғаның рүкіндері мен шарттарын ықылас жүзінен қадағалау. Төртінші, шарапаты тиетін уақыттар мен мекендерді құлшылық пен құлдық ұру үшін талап қылу. Бесінші, уәдеге опа қылу. Алтыншы, сыр патшалығы ғажайыптарынан ашылған, көрінген нәрселерді орынсыз айта бермеу. Жетінші, ғайыпқа беріліп, мағнауи сырлар ашылып жатқанда, үндемей, сөйлемей тыныштықты сақтау керек. Бұл хал мүридтің және кісінің көңілінде пайда болса, тілмен зікір айту жөн емес, егер мұндай халде болмаса, тілмен зікір айтудан ғапыл қалу жөн емес. Бұл турасында құдси хадисте Субханаһу уа тағала: «Мені көрген кезіңде зікір етпе, ал көрмеген кезде есімімді қайталауды тоқтатпа» дейді. Сегізінші, жемек, ішпек, кимек уақытында Құдай Тағаланың жомарттығын, мейірбандығын көру. Тоғызыншы, оңаша, жалғыз, жеке қалғанда, сұхбатта, жамағаттың ішінде болғандағыдан да өте жақсы болу керек. Осы әдеп жөнінде Пайғамбар ғ.с.: «Егер біреуің ораза ұстайтын күн болса, оның ораза ұстап жатқанын адамдар білмеуі үшін сақалын-мұртын майлап, ернін сүртсін» дейді.
Алдыңғы ақпарат

Тайқазан – Теккенің бір нышаны ретінде

Келесі ақпарат

Үздіктер марапатталды