8 сәуір күні, қасиетті Түркістанның төрінде, Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында орналасқан «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының «Ботай — Ұлы дала мәдениеті» тақырыбындағы көшпелі көрмесі ашылды.
Көрме «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының “Жұма мешіті” музейінде орналасқан.
6000 жылдық тарихы бар Ботай қонысының ерекшелігі мен одан табылған бірегей қазба ескерткіштері әлем назарын өзіне аударып келеді.
Қазақстанның ең үлкен қазыналарының бірі саналатын көне Ботай қонысынан энеолит дәуіріне (б.з.д. ІV-III ғғ.) жататын ежелгі адамдар тұрағы мен сенсациялық олжалар – адамдардың жылқыны алғаш қолға үйреткенін растайтын жүздеген артефактілер табылған. Көне қонысты зерттеудің тарихи маңыздылығы Қазақстанның жер шарындағы жылқыны қолға үйреткен негізгі орталықтардың бірі екендігінде.
Көрме мыңжылдықтар тарихын арқалаған Ботай мәдениетінің бірегей қазба ескерткіштері мен баға жетпес артефактілерін Түркістан жұртшылығына таныстыру мен насихатауды, ежелгі тарихи қонысты кеңінен танытуды мақсат тұтады.
Көрмеге Ботай мәдениетінің бірегей жәдігері трепанация іздері бар адам бас сүйегі, жылқы сүйектері, жылқы сүйектерінен жасалған тұрмыста қолданылған құралдар, соның ішінде пышақ, найза-сүңгі, ине, сондай-ақ тастан жасалған бұрғы, балта, дисктер, балға және қыш ыдыстың фрагменттері, ботайлықтардың тұрғын үйінің макеті қойылған.
Көрме 2 мамырға дейін жалғасады.
Қ. Ысқақ, көрме ұйымдастырушы.