ӘБІЛМӘМБЕТ ХАН БОЛАТ ҰЛЫ

Әбілмәмбет хан – XVIII ғасырдың 30–60 жылдары аралығында қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саяси тарихында белгілі бір дәрежеде қызмет атқарған, сондайақ бірнеше ғасыр бойы қазақ мемлекетінің саяси тізгінін өз қолдарында ұстаған билеуші әулеттің өкілі болған тарихи тұлға. Ол – біртұтас Қазақ мемлекетінің соңғы билеушісі Тәуке ханның туған немересі болып келеді. Сәмеке өлгеннен кейін Орта жүзге хан сайланған. Абылайдың билікке жетуіне себепші болған. Оның өмір сүрген жылдары шамамен 1690 жылдың соңы – 1771 жылдар аралығы. Әбілмәмбет ханға қатысты деректердің жазба түрін XVIII ғасырдың 30–60 жылдарындағы қазақ-орыс және қазақ-қытай қатынастарын сипаттайтын материалдардан көруге болады. Қазіргі күнде ол материалдардың бірталайы осы кезеңдегі қазақ-орыс қатынастарын баяндайтын арнайы ғылыми жинақта (Казахско-русские отношения в XVI – XVIII веках (Сборник документов и материалов), 1998.) жеке тұлғалардың өмірі мен қызметіне арнап шығарылған деректер мен құжаттар жинағында (Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі, өмірі мен қызметі, 2011: Т. 1. 640) кездеседі. Сондай-ақ, ауызша материалдардың, әсіресе шежірелік материалдардың біршамасы хандар шежіресінде ұшырасады. Әбілмәмбет ханға тікелей қатысты жазба деректер алғаш рет 1730-шы жылдардың басында орыс тіліндегі құжаттарда кездесе бастайды. Ресей Сыртқы істер коллегиясының 1730 жылғы 30 қазанындағы құжатында Әбілмәмбеттің есімі алғаш рет айтылып, оның есімінің жанына «хан» лауазымы қосып жазылады (Казахско-русские отношения в XVI – XVIII веках, 1961: 35–36). 1737 жылы Орта жүз ханы Сәмеке қайтыс болады да, 1738 жылы, бір деректерде 1739 жылы Әбілмәмбет сұлтан Орта жүзге хан болып сайланады. Бұрын ол Тобыл мен Есіл өзендері бойында көшіп-қонып жүрсе, енді хан болып сайланғаннан кейін Түркістан қаласына көшіп келеді. Орта Жүздің ханы ретінде Әбілмәмбеттің саяси іс-әрекеттерінің шеңбері кеңейеді де, ол қазақ-орыс, қазақ-башқұрт, қазақ-қалмақ және қазақ-жоңғар қатынастарына белсене араласа бастайды. 1762 жылы көктемде Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан, сондай-ақ Орта жүздің басқа да ел ағалары қаракесек ұлысында, Қазыбек бидің алдында бас қосып, Әбілмәмбет ханды Есім сұлтанмен татуластырып, былай шешкен: «Әбілмәмбет хан да, Есім сұлтан да Түркістан қаласына және оның маңайындағы қалашықтарға теңдей хандық құрсын; ол үшін Түркістан мен оның жанындағы қалашықтар екіге бөлінсін. Қаланың бір бөлігі өзінің қақпасымен, сол бағыттағы қалаларымен Әбілмәмбет ханға; ал екінші бөлігі екінші қақпасымен, сол бағыттағы қалаларымен Есім сұлтанға бағынатын болсын». Осы ұйғарымға сай, 1762 жылдың күзінде Әбілмәмбет хан Түркістанға қайтып келіп, өзіне тиесілі иеліктерге билік етті» (Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі, өмірі мен қызметі, 2011: 184). Түркістанда хан ордасының екеу болғандығы жайлы мәліметтер тарихи құжаттарда жиі айтылады. Көріп отырғанымыздай XVIII ғасырдың ортасынан аяғына дейін Түркістанда екі хан ордасы қатар өмір сүрген. Археолог М. Тұяқбаевтың пікірінше: «бұл жайлы ең алғашқы деректі ХVІІ ғасырдың соңында жасалған Д.Г. Мессершмидт картасынан табамыз. Бұл – поляк суретшісі біреудің ауызша берген дерегіне сүйеніп жасаған Түркістан қаласының картасы. Астына Тәуке ханның мөрі басылған. Сірә, Тәуке хан елшілерінің бірі хандықтың астанасы жайлы түсінік беру үшін жасаттырған болуы керек. Картада қаланың батыс бөлігінде үш жағы көшемен шектеліп, дуалмен қоршалған көлемі 1 га жерге «Ханово место» деген анықтама жазылған. Бұл картаны қаланың 1875 жылдың жобасы мен 1954 жылғы картасын және кейінгі жылдардағы жоба-схемаларын салыстыра отырып «Хан ордасының» дәл орыны анықталды. «Хан Ордасы» деп анықталған қаланың бұл кварталында 2008 жылы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, алты құрылыс қабаты аршылып зерттелген болатын. Бұлардың ең жоғарғы құрылыс қабаты XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бірінші жартысына жатса, ең төменгі алтыншы құрылыс қабаты ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысы, яғни Әбілмәмбет хан билігі тұсына сай келетіндігі дәлелденді (Туякбаев, 1999: 2–11.). Әбілмәмбет қазақ хаңдарының ішінде алғаш рет көзі тірісінде билікті лайықты тұлғаға өз келісімімен берген бірінші және соңғы хан. «Абылай хан» жырыңдағы: Айтады жасы алпыстан өткендігін, Азайып ақыл-қайрат кеткендігін, Хан бол деп Абылайға айтқан серттің, Мөлшерлі күні бүгін жеткендігін Төрімнен көрім жуық еңді менің, Кенелттің тірі келіп, толды кемім. Тірі күңде берейін өз қолыммен, Мінеки, хандық мұрам болсын сенің, – деген жолдармен анықтап ұғындыруға болады (Абылай хан, 1993: 416, 218). Өлең жолындағы «Тірі күнде берейін өз қолыммен, мінеки, хандық мұрам болсын сенің» деген соңғы жолдары Абылайдың 1767 жылғы хатымен де үндесіп тұрғаңдай. Әбілмәмбет хан есімі орыс деректерінде соңғы рет 1768 жылдың желтоқсанында аталады. Ол бойынша Орта жүзден барлаудан оралған К. Юсупов пен У. Аслаев 1768 жылы 27 қарашада Орынборға келіп, Әбілмәмбет ханның амандығын жеткізеді (ОРОММ). Содан кейін ол туралы деректер мұрағат қорынан кездеспейді. Қытай деректемелерінде 1768 жылы Әбілпейіз «қазақтың ел ағасы» ретіңде атала бастайды (Сулейменов, 1988: 247). Әбілпейіз 1772 жылы қыркүйекте Қытайға жолдаған хатыңда «Әбілмәмбет ханның бар кезінде, Ташкент жақтан бізге керектілердің барлығы келуші еді, екі-үш жыл болды, қырғыз жабылды да әрі-бері жүргелі болмай қалды» (Қазақстан тарихы туралы қытай деректері, 2006: 284) – деп атап өтеді. Әбілмәмбет ханның артында Болат, Әбілпейіз, Тәуке және Әбүлтек (Бөлтірік) есімді ұлдары қалады. Үлкен ұл – Болат арғын тайпасының қуандық тармағындағы алтай руын басқарса, екінші ұлы Әбілпейіз сұлтан – Орта жүздің беделді сұлтандарының бірі болып, найманның бір бөлігі мен қаракерей руларына сұлтан болған. Тәуке сұлтан – Ұлы жүздегі сіргелі мен сарыүйсін тайпаларының бір бөлігін билеген (РМКАМ ). Бұл төрт ұлдан тараған Әбілмәмбет ханның ұрпақтары қазіргі кезде өздерін тегі жағынан төре тұқымымыз деп атап, Қазақ елінің әр аумағында өмір сүріп жатыр.

Алдыңғы ақпарат

БОЛАТ ХАН ТӘУКЕ ҰЛЫ

Келесі ақпарат

АБЫЛАЙ ХАН УӘЛИ ҰЛЫ