МАҢЫЗДЫ :

nothing found

БҮГІН КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ ҚҰРАНЫН ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНЕ САЛТАНАТТЫ ТАБЫСТАУ РӘСІМІ БОЛЫП ӨТТІ

Қасиетті Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ел өміріндегі елеулі бір оқиғаны, қуанышты хабарды жария еткен еді. Ол — халқымыздың ұлы перзенті, рухани тұлғасы, әйгілі Марал ишанның бүкіл өмірін ұлт азаттығы жолында сарп еткен Кенесары ханға сыйлаған қасиетті Құран кітабы табылғаны және ол құнды мұраның елге қайтарылғаны жайлы болатын. Сондай-ақ отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары білікті, тәжірибелі мамандар Құранды толықтай зерттеп, оның Кенесары ханға тиесілі екенін анықтап, қазақ халқының тарихи жәдігері екенін растап, оның тарихи және музейлік құндылығы өте жоғары деп бағалаған.

Президент тапсырмасына сай  Кенесары ханның Құран кітабы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табысталған болатын. Өз кезегінде діни басқарма Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы арқылы Қасиетті Кітапқа реставрация, яғни қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, көшірмелерін және электронды нұсқасын жасатып, Кенесары ханның Құранын «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына табыстауы тиіс болатын. Міне, бүгін Президентіміздің сол тапсырмасы толық орындалып, өз мәресіне жетті.

Киелі кесене алдында өткен рухани жиынға Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Н.Тағанұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Е.Нүкежанов қатысып сөз сөйледі. Шараға қатысқан құрметті қонақтар қатарында Кенесары ханның ұрпақтары да болды.

Бас мүфти Н.Тағанұлы Құран кітапты «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры М.Садықбековке тапсырды. Ал музей-қорық директоры Қасиетті Кітапты Кесененің Үлкен Ақсарай бөлмесіне алып барып, Бас мүфтимен бірлесіп, арнайы дайындалған сөреге қойды.

Заманында Марал Ишан бабаның көзінің жанарынан өтіп, жүрегіне қуат болған, әр парағында салалы саусақтарының ізі қалған, кейіннен ел-халқы үшін басын бәйгеге тіккен Кенесары ханға сыйлаған Құранын Әулиелердің Сұлтаны Әзірет Сұлтан бабаның кесенесінің төріне қоюды жақсы ырымға жорыдық. Қасиетті Құран қасиетті кесенеде көздің қарашығындай сақталып, осында келушілердің көзайымына айналып, көңілдеріне қуаныш сыйлап тұратын болады.

Алдыңғы ақпарат

ҚОҢЫРАТ, САҢҒЫЛ ДҮЙСЕН БИ САУРАНБАЙҰЛЫ

Келесі ақпарат

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИДІҢ РУХАНИ МҰРАЛАРЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕ