Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы және Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының «Түркістан тарихы» музейінде «Алтын Орда (Жошы Ұлысы) кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» тақырыбындағы көрменің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты жиынды «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Тастанбеков Мұрат Мейірбекұлы, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрланұлы, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы директорының орынбасары Рахмания Айболат Рахманияұлы ашып, аталған көрменің маңызына тоқталды.
Көрменің басты мақсаты Қазақстанды Алтын Орда (Жошы Ұлысы) империясының заңды мұрагері ретінде және сол дәуірдің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтап отырған мемлекет ретінде таныту.
Бүгінгі таңда «Ұлытау» ұлттық музей-қорығы аумағында Алтын Орда дәуіріне жататын 10-нан аса тарихи-мәдени ескерткіштер сақталған. Олардың қатарында Жошы хан, Болған ана, Құлан ана, Аяққамыр (Құтлық Темір), Талмас ата, Келінтам кесенелері, Едіге мазары, Алтыншоқы төбесі және тағы басқа киелі орындар бар.
«Алтын Орда (Жошы Ұлысы) кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» атты көрме бұған дейін Астана, Алматы және Жезқазған қалаларында ұйымдастырылған болатын. Аталған көрменің Алтын Орданың мұрагері – Қазақ хандығының астанасы болған қасиетті Түркістан қаласында ашылуының да тарихи-мәдени мәні бар.
Экспозицияда Алтын Орда кезеңіне жататын кесенелердің өрнектелген кірпіштері, сол дәуір тұлғаларының балауыз мүсіндері, Жошы хан кесенесінің құббасы, ортағасырлық бірегей монеталар мен көне карталар және басқа да тарихи құндылықтар ұсынылады. Көрмеге жоғарыда аталған үш музейден жалпы 120-дан астам экспонат қойылды. Көрме келушілерге бір ай қызмет көрсетеді.








