МАҢЫЗДЫ :

nothing found

АҚЫЛДЫ БАСШЫҢ БОЛСА, ЕЛДІҢ АЛДЫ БОЛАРСЫҢ

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін үш жылдан аса басқарып, елеулі еңбек сіңірген Нұрболат Ахметжанов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қорық-музей ұжымымен кездесіп, өз алғысын білдірді.

Осы орайда, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов те Түркістан қаласына арнайы келіп, қасиет пен киенің ордасы саналатын тарихи мекеннің дамуына елеулі үлес қосып, айтарлықтай қызметтер атқарған Нұрболат Қадырұлына министр Ақтоты Райымқұлованың және облыс әкімі Ө.Шөкеевтің, Түркістан қалалық мәслихатының арнайы алғыс хаттарын табыс етіп, ұжым қызметкерлері зерлі шапан жапты.

-«Түркістан қаласының нағыз тарихи жаңару сәтінде еңбек етіп, қорық-музей жұмысын жандандыру, дамыту бағытында өзіндік ерекше қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Өзіңіздің бастамаңызбен жүзеге асқан «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық жобасы, кесенеде жерленген тұлғаларды дәріптеп мәліметтерді жарыққа шығару сынды көптеген жұмыстар өте қарқынды, жоғары деңгейде жүзеге асты. Сізге министрдің, министрліктің атынан шынайы алғыс білдіре отырып, алдағы жаңа лауазымыңызға да оң серпіндер тілейміз!»,- деді Нұрғиса Мұратұлы.

Еңбек жолын мәдениет саласының дамуына арнап, аянбай еңбек етіп келе жатқан білікті басшы Нұрболат Қадырұлы айрандай ұйыған, еңбекқор ұжым қызметкерлеріне алғыс айтып, алдағы жұмысқа толағай табыстар тіледі.

Өз кезегінде қорық-музей қызметкерлері еңбекте қолдап, биік белестерге шығарып, әрдайым жанашырлық танытуда алдына жан салмаған қамқор да тәжірибелі басшыға деген қимастықтарын білдіріп, тебірене қоштасты.

Айта кетсек, Нұрболат Қадырұлы Ахметжанов Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры лауазымына 2017 жылдың 5 қыркүйегінде тағайындалған. Аталған жылдар ішінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейін дамыту бағытында аянбай еңбек сіңіре білді.

Үш жылдың ішінде Қожа Ахмет Ясауидің мұраларын зерттеу, зерделеу жұмыстарына баса мән беріп, халықаралық деңгейге көтерді.

Республикалық және халықаралық дәрежеде 7 конференция ұйымдастырылып Түркі әлемінің тарихшы-ғалымдары баяндама оқып, арнайы жинақ кітапшалары жарық көрді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Түркістанды, кесене мен оның айналасында жерленген тұлғаларды насихаттау мақсатында 260-тан аса көрме ұйымдастырылып, оның жетеуі шетелде, яғни Түркия Республикасының Кастамону, Анкара, Бурса қалаларында, Ресейдің Сочи қаласында, Грекияның Салоники қаласында, Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өтті.

Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойы халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып, Түркия, Кипр, Ресей, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен ғалымдар шақырылды.

Елімізде тұңғыш рет «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы жарық көрді. Бұл еңбекте Қожа Ахмет Ясауиге қатысты ең құнды мәліметтер жинақталды.

Үш жыл ішінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі 20-ға жуық тарихи кітаптарды жарыққа шығарды. Олардың ішінде «Түркістанда жерленген хандар мен сұлтандар», «Түркістанда жерленген қазақ билері», қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «100 аңыз», «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары», «Теріскей толғаулары», «Таңыбай батыр» кітаптары, «Зергерлік бұйымдар» каталог кітабы, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне 40 жыл» альбом кітабы, «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» кітапшасы да бар.

Сонымен қатар, қорық-музей қорындағы 1842 жылы көшірілген Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабы шағатай тілінен қазақ тіліне аударылды.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауи жайлы тың деректер тауып, тереңдей зерттеу, ашылмай жатқан тарихи мәліметтерге қол жеткізу мақсатында тұңғыш рет «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясын қолға алды. Экспедиция аясында Қожа Ахмет Ясауидің бірқатар деректері жинақталып, елеулі ғылыми табыстарға қол жеткізді.​

«Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық жобасы Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы мен бабалары, ұрпағы, бауырлары жайлы деректерге баса мән беріліп, іздестіру, зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Осы орайда, Өзбекстан Республикасының Наманган қаласынан Түркі әлемінде ислам дінінің кең таралуына ерекше леп беріп, сопылық негіздерінің дәнін еккен әйгілі Қожа Ахмет Ясауи шежіресінің бір нұсқасы мен ислам әлеміне әйгілі он бір шайықтың есімі жазылған мөр табылды.

Қожа Ахмет Ясауидің нағашысы ұстаған 800 жылдық асатаяқ пен қолжазба табылды. Бұл мұраларды Тағайын ата кесенесінде ата-бабаларынан бері шырақшы қызметін атқарып келе жатқан әулет сақтап келген.

Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаның тарихына арналған қолжазба мен арнайы мөр басылған құжаттардың табылуы да орасан зор қуанышқа айналды. Жүсіп атаның ұрпағы Сейдәлім Юлдашев ақсақал сақтап келген құнды мұраларды аудару ісі сол мезетте-ақ басталып, көптеген деректердің беті ашылды. XIII ғасырға тән қолжазбадан Қожа Ахмет Ясауидің сүт бауыры, яғни туған қарындасы, Жүсіп атаның анасының есімі-БибіХубра Ханым екендігі жазылған. Бұл хабар тек Қазақстан ғана емес Түркия Республикасы үшін де елеулі жаңалық болды. Осы орайда, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінің де назарын өзіне аударды.

«Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясы барысында Қожа Ахмет Ясауидің Түркістанда тұратын тағы да бір ұрпағының қолында сақталған шежіре аударылып,​ Жәмилә​ Ясауидің өкіл қызы емес өз қызы екендігі белгілі болды. Деректер толыққанды аударылған соң Қожа Ахмет Ясауидің қызы Жәмилә мен ұлы Ибрахим сұлтанның есімдері кесене мен оның айналасында жерленген тұлғалар тізіміне енді.

Қожа Ахмет Ясауидің жалғыз ұлы Ибрахим сұлтанның ескерусіз жатуы да назардан тыс қалмады. Бұған дейін де ғылыми-зерттеу жүргізген «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі тиісті деректерге сүйене отырып, Ясауи ұлы жерленген аймақты шамалап арнайы құлпытас орнатқан болатын. Қожа Ахмет Ясауидің ұлы Ибрахим сұлтанның сүйегі жерленген орынды нақты анықтап, кесене тұрғызу бойынша зерделеу жұмыстары қолға алынды.

Ясауидің ағасы Садыр шайықтың және шәкірттерінің де деректері жинақталды.

Түркістан облысындағы Сайрам, Созақ, Отырар аудандары мен Жамбыл, Қызылорда облысына және Өзбекстан Республикасына тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Қожа Ахмет Ясауидің 100-ден аса елге таралған шәкірттерін түгендеп, олардың ұрпақтарымен жолығып, әлі күнге жарияланбай жатқан қолдағы деректер, кітаптар, насабнамаларды жинақтауды мақсат етті.

Сондай-ақ, Ахмет Ясауидің анасы Қарашаштың шын есімі Тағайша бибі екендігі нақтыланды.

Жуырда ғана «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі мен Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі арасында «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық жобасын кең ауқымда жүзеге асырып, түркі әлеміне кеңінен насихаттау мақсатында меморандумға қол қойылды. Нұрболат Қадырұлы мен агенттіктің Қазақстандағы өкілі Исмаил Гүрлек мырза арасындағы екіжақты келісімдер барысында тарихи-мәдени мұра құндылықтарын сақтау, «Ясауи ізімен» ғылыми жобасы аясында анықталған, табылған тарихи құнды материалдарды насихаттау, қажет жағдайда реставрациялауға ұсыну, түркі дүниесіне кеңінен тарату секілді жұмыстарды атқару,​ Ясауи есімімен байланысты діни және тарихи-ескерткіштерді насихаттау​ мақсатында бірлескен ғылыми және мәдени экскурсиялық бағдарламалар іске асыруға, туристік имиджді қалыптастыруға, мәдениет саласы мамандарының тәжірибе алмасу және кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, осыған байланысты салаларда үйлестіру іс-шараларын жасау келісілді.

Сонымен қатар XIII ғасырға тиесілі Жүсіп ата тарихына қатысты қолжазбаны түрік тіліне де аударып, электронды кітап түрінде түркі әлеміне насихаттау жұмыстарын жүргізу шаралары бастау алды.

Ғылыми кеңесте 12 тұлға туралы тарихи деректер мақұлданып, оларды Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен маңына жерленген тұлғалар тізіміне енгізілді.

Музейлендіру жұмыстары бойынша Ахмет Ясауи кесенесінің Үлкен Ақсарай бөлмесі, Кітапхана бөлмесі, Рәбия Сұлтан бегім кесенесі, Үкаша ата тарихы музейлері ашылды.

Кесененің тарихи келбетін қайта жандандыру мақсатында Қазандық бөлмесіндегі Тайқазанның айналасындағы лаухалар тарихи тұғырына орнатылды.

Қожа Ахмет Ясауи қабірханасының алдына ортағасырлық аспалы шырағдан да төл орнын тапты.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіндегі ортағасырлық тарихи құдық іске қосылып, ел игілігіне берілді.

Үкаша ата, Гауһар ана, Жүсіп ата, Әлқожа ата кесенелерінің аумағы абаттандырылды.

Үкаша ата кесенесіне келушілерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету, тал-көшеттер мен гүлдерді суарып, көгалдандыру мәселесі өз шешімін тапты. Игілікті іс демеушілер тарапынан қолдау тауып, Үкаша ата кесенесі жанынан құны 5 000 000 миллион теңгені құрайтын 40 метрлік артезиан құдығы қазылды. Сонымен қатар, құдық маңына тас төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Үкаша ата кесенесі мен құдығы жанындағы автотұраққа жаңадан электр шамдары тартылып, жарықтандырылды. Зияратшылар демалатын орындар халық игілігіне беріліп, қасиетті құдыққа апаратын жолға асфальт төселді.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК қабылдаған 2018-2021 жылдарған арналған даму жоспарына сәйкес тарихи орындарды абаттандыру, келген туристер мен зияратшыларға сапалы қызмет көрсету бойынша жұмыстар жүргізіліп, үш жыл ішінде демеушілер есебінен 200 миллионнан аса қаржы тартылды.

Жүсіп ата кесенесінде демеушілер есебінен сапар орталығы бой көтеруде және тарихи келбетіне сәйкес «Жүсіп ата бақшасы» құрылып, ең үздік жүзім түрлері отырғызылды.

1906 жылы Ахмет Ясауи кесенесінен қолды болып,Францияның Лувр музейінде сақтаулы тұрған бір дана шырағдан мен Ресейдің Эрмитаж музейінде сақталған екі дана шырағданды елге қайтару бойынша құжаттар әзірленіп, тиісті орындарға жолданды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ғылыми жобалар конкурсынан «ХІХ ғасырдың ортасы – ХХІ ғасыр басындағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени тарихын кешенді зерттеу» және «Қазақстанның рухани жер асты мешіттерінің тарихы және «Қылует жерасты мешітін» музейлендіру» атты екі жобасы грантқа ие болды.

Алдыңғы ақпарат

Миғраж түні

Келесі ақпарат

Үкаша ата, Жүсіп ата, Гауһар ана кесенелерінде ауқымды жобалар жүзеге асуда