Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
«Құрметті отандастар!
Баршаңызды Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл жарты əлемді жалмаған фашистік жүйені тізе бүктіру үшін жанын пида еткен ата-əкелеріміздің өшпес ерлігін ұлықтайтын қастерлі мереке.
Қасиетті қазақ жерін мекендеген еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін тыл жұмысын жұмыла атқарып, ортақ жеңіске орасан зор үлес қосты.
Мəскеу түбінде жаудың қалың қолынан қаймықпаған Бауыржан Момышұлы, шебер ұшқыш — Талғат Бигелдинов пен Хиуаз Доспанова, Шығыстың қос шынары — Əлия Молдағұлова мен Мəншүк Мəметова, жүректі де білекті Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Сергей Луганский, Леонид Беда жəне басқа да даңқты батырлар есімі ел есінде мəңгі сақталады.
Осынау орайлы сəтті пайдалана отырып, Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, қызметте табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!»,- делінген құттықтау хатында.