Кітап, көне баспа, «Муршид ас-Саликин» деп аталады. Араб тілінде жазылған. 1-204 бет. Мұқабасы көк түсті теңбілі бар қатырма.
Бұл кітапта мүршид (пір) пен мүрид (шәкірт) туралы сөз болады. Мүршид дегеніміз (пір) деген мағынаны білдіреді. Парсы тілінен аударғанда данагөй қария деп аударылса, діни сопылық әдебиеттерде «рухани жетекші, басшы» деп көрсетіледі». Мүршид (пір) болған адам өзі де пірден дәріс алған, одан қол алған кісі. Қол алу дегенді пірден «рұқсат алу» деп түсінуге болады. Пірлер киелі, қасиетті, аузы дуалы, тақуа адамдар болған. Пір сопылық бауырластыққа мүше болатын адамды баулитын ірі дінбасы. Сопылық жолға түскен адамға қолдаушы, сүйеніш болып есептеледі. Пір жүрегін Аллаға беріп, ақиқатқа жеткісі келетін адам. Өзі осындай дәрежеге жеткен соң, арқасынан ерген ізбасарларын тәрбиелеп, Хаққа жетудің дұрыс жолын көрсетуді парыз деп біледі.
Ал «Мүрид» — дегеніміз өз еркімен тариқат жолына түсуші шәкірт, ерікті ізбасар дегенді білдіреді. Мүрид (шәкірт) өзінің ұстаздарымен шейх, пір немесе мүршитке (пірге) адал қарым-қатынаста болып, оған сөзсіз бағынуға тиісті. Ол мүршидке (пірге) «қол тапсырушы» шәкірт рухани жетілудің алғашқы сатысында тұрған адам болып есептеледі.
Сопылықта мүршид пен мүрид қарым-қатынасы, яғни рухани мектеп болып саналып, үлкен рөл атқарған. Тариқат жолына қадам басушы мүрид, алдымен шариғат шарттарын, исламның қарапайым ахлақтық (мінез-құлық), этикалық қағидаларын ұстануы, орындауы қажет. Шәкірттің сопылық жолға түсуі ішкі рухани ізденістер нәтижесінде жүзеге асады.
Мүридтікке қабылдау рәсімдері: оған арнайы киім ұсыну, Хақ жолын өз еркімен қалап, тәубеге келуі жайлы ант беру, мүршид мүридке арналған (жеке орындайтын) құпия зікірді белгілеп, оны бауырластық, ішкі ережелерімен таныстырады. Мүрид ұстазымен рухани үндестікке жетуді қалайды, оған толықтай мойынсұнады. Кітапта осы мәселелер қарастырылған.
Кітапты өткізуші Оңтүстік Қазақстан облысы, Төрткөл ауылының тұрғыны Ергенбаев Серік.