ТӘУБЕ БАБЫ (жалғасы

«Бустан ул-мухиббиннен» үзінді
Біліңдер, ей достар! Тәубенің түрлері көп. «Халисату әл-Хақаиқтың» жиырма бесінші бабында Зуннун Мысри (рһ): «Әр ағзаның тәубесі бар. Жүректің тәубесі жаман ойларды тәрк қылудан тұрар, яғни Хақтан өзге не нәрселерді болсын көңілге келтірмеу. Көздің тәубесі – қарауға харам етілген нәрселерден көзді сақтау. Құлақтың тәубесі – құлақты харам нәрселерді естімектен сақтамақ. Қолдың тәубесі – қолды харам нәрселерден сақтамақ. Аяқтың тәубесі – жаман жерлерге барудан сақтамақ. Шайхымыз Ахмет Ясауидің (р.ғ) «Танбиһ» кітабында: «Нәдамәт, өкіну – тәубенің рүкні немесе шарты. Оның әр әрпінде мағына бар. Нәдамәттың (ندامت) ن «нун» әрпі нұрдан тұрады, د «дәлі» дәулеттен тұрады, ا «әліпі» үлфаттән (достықтан) тұрады, م «мимі» махаббаттан тұрады, ت «тәсі» һидаяттан тұрады. Яғни әр уақыт иман нұры көңілге шұғыла ұрып, һидаят етсе, ақыретінің қамын ойлайтын, тілейтін дәрежеге қол жеткізіп, махаббаттың әсері берік болады» дейді. Одан соң тәубе әсері көріне бастайды.
Біліңдер! «Фәтауа әл-Иршадта»: «Кім тәубені кейінге қалдырып, күнәні жеңілдікке санаса ұлық күнә болады» дейді. «Қут» деген кітапта: «Құдайдан қорқатындардың бір белгісі — кіші күнәнің өзін үлкен күнә санайды» дейді. Шибли (рһ): «Тәубені кейінге қалдыру – үлкен күнә. Шындықта күнәһар: «Жылдың соңына дейін тәубе етермін» дейтін болса, оның мағынасы – бір жыл бойы күнә жасап жүре берем дегені» дейді.
Біліңдер, ей достар! Тәубе үш түрге бөлінеді. Бірінші – тәубе, екінші, инабат – инабат, серт беру, уәде қылу, үшінші – {әдеп} (әубатун – қайту) . Егер кісі ақырет қорқынышынан қорқып тәубе қылса, оны – «тәубе иесі» дейді. Егер кісі сауап үміт қылып тәубе қылса, оны – «инабат иесі», яғни серт, уағда иесі дейді. Егер сауап үміт қылып та емес, о дүние қаупінен де емес, бәлкім Құдайдың әмірі үшін тәубе қылса, оны – «{әдеп} (әубат) иесі» дейді. Барлығы «Саликтердің мақамы» деп аталатын кітапта. Әбу Али Әд-Диқақ (рһ) бағзы бір шығармаларында айтады: «Инабаттың мағынасы халқ болған (жаратылған) нәрседен Алла тағалаға қайту. Бұл дегеніміз ғәріптікке түсу және ақыретке сапар қылу. Ал бұл шын мәнінде Аллаға қарай қадам басулық». Сол себепті «Фәтауа Әл-Хужатта айтады»: «Қияметте ең бақытты халық – Аллаға маххаббат қылу жолында табанды болғандар. Шындықта ақыреттің мағынасы – Аллаға қарай қадам басып, Онымен жүздесу бақытын сезіну» дейді. Ирадат пен инабаттың мағынасы – ақырет сапарын ықтияр қылу. Шәк жоқ, дүние сапары жолдассыз болмайды, ақырет сапары да жолдассыз болмайды, ол – кемел мүршид. Мысалы Мұса ғаләйһ ис-сәламға ақыретке сапар қылуға жолдас табуы әмір етіліп, пәк Алла тағаланың әмірімен мүршиді Қызыр ғаләйһ ис-сәлам болған секілді. Ақырет сапары – Аллаға махаббаттың сара жолына нық қадам қойу. Оны «сиир илә Алла», яғни «Құдайға қарай сапар шегу» дейді. Бұл мүршидтің сұхбаты ақыреттің қайғысы мен дертіне медет, дауа болады, жойылуға айналғандарды аман алып қалады және әлем Аллаға қарай бет түзейді. Бұл шайхқа иғтиқад, сенім білдіруіміз – ерекше берілу, жақсы көруден тұрады және ғафылдықтан шығарға себеп болады. Жазадан, азап тартудан және муһликаттан, жойылудан тезірек аман қалу үшін Оған шынайы, пәк сенім білдіру өте лазым. Сонда адастырушылықтан да таза болады.
Әһлі тариқат арасында «тәубе қылған соң күнәні ұмыту лазым ба, әлде ұмытпау керек пе?» деген келіспеушілік бар. Шайх Жунаид (р.ғ): «Күнәні ұмытпаса дұрыс емес» дейді. Абдолла Тустари: «Күнәні ұмытса, тәубе дұрыс емес» дейді. Ұлылар екі әзіздің де сөздерін дұрыс дейді. Жунаид: «Күнәні ұмытсын» десе, Абдолла Тустари: «Келе жатқан заманда күнәні ұмытпасын, өткен заманда болған күнә тұру керек» дейді. Дауд (ғ.с.) өткен қатесін хазір тұтыб неше жылдар жылады. Адам (ғ.с.) өткен қатені жадында ұстап үш жүз жыл жылаған. Ұлылар: «Лағынетке ұшырағандар – жүзі қара болып, малы кем болу емес, бәлкім лағынет сол – күнәға батып, күнәдан арылмай, күнә үстіне күнә қылар және сол себептен Құдайдан алыс болар» дейді. Тағы да ғұламалар: «Тәубе қылғаннан кейін, ол адамда тәубе әсері болмаса, оның тәубесі тәубе болмас» дейді. Және «Кім тәубе қылғаннан кейін дұшпандарын ырза қылмаса, таиб, яғни өкініш білдірушіден емес, тәубе қылғаннан кейін ғылым ізденбесе, өкініш білдірушіден емес, тәубе қылып, тілін сақтамаса, өкініш білдірушіден емес, тәубе қылып, жақсы қылығы болмаса өкініш білдірушіден емес, тәубе қылып, әлі дүниесін ойлап, армандап, қиялдауын, дүниесін есептеп санауын қоймаса, өкініш білдірушіден емес, тәубе қылып, кеңшіл болмаса – өкініш білдірушіден емес» дейді. Әр уақыт бұл өкініш білдірушінің мақтаулы қасиеттері болса, оны шын таиб, өкініш білдіруші, налушы дейді. Тәубенің ерекше, арнайыларын баян қыламыз. Егер өкініш білдіруші жігіттікпен өлсе (тәубесіне мықты болып деген мағынада), оны мұсылмандардың қабірстанына қойса, қырық жылға ол көрстаннан қабір азабы көтеріледі. «Халисат ул-хақаиқ» деген кітапта бұл мәселені Нәби ғ.с-нан нақыл қылып айтқан. Және Хазірет (ғ.с): «Әр уақыт қандай да момын тәубе қылса, оның азғындықта өткен әрбір күніне Алла Тағала жүз жылдық құлшылықтың сауабын жазады және оған тағат қылған мың шейіттің сауабын жазып қиямет күнінде мың тәж берер. Қиямет күнінде оның қабірінен пейіш тарапына бір есік ашылады. Бір періште оңында, бір періште солында, бір періште алдында, бір періште арқасында оны пейішке бастап ертеді» дейді. Әр өкініш білдіруші «насух тәубесіне» қол жеткізсе ол тәубе ешқашан саналмас (күнә жасамаған деген мағынада). Оны арнайы, ерекше, хас тәубе дейді. Хақ Тағала да ол күнәні мүлде ұмытып, күнәдан сақтайды.
Алдыңғы ақпарат

ТӘУБЕ БАБЫ

Келесі ақпарат

ҚАРАТӨБЕ-САУРАН ҚАЛАСЫ