Өздеріңіз білесіздер, ұлт мәдениеті – кез келген халықтың генетикалық тірегі. Оны қазіргідей жаһандану жағдайында тіпті терең түсінуіміз керек. Біз төл мәдениетімізді ұлықтау арқылы рухани келбетімізді сақтаймыз, өркениетті елдердің қатарына тек өзіміздің ұлттық құндылықтарымызбен енеміз.
Осы ретте Мәдениет және спорт министрлігі отандық ұжымдар мен мәдениет, өнер қайраткерлерінің шығармашылық жетістіктерін одан әрі дамыту, дәріптеу мақсатында тұңғыш рет UMAI ұлттық сыйлығын тағайындап отыр.
Біз бұл сүйінші жаңалықты бұған дейін тек жалпылама ғана айттық. Ал бүгін аталған премияға кеңірек тоқталып, конкурс ережесімен толық таныстырғымыз келіп отыр.
Конкурстық негізде берілетін UMAI ұлттық премиясының жалпы жүлде қоры – 54 млн теңге. Сыйлық биыл жыл соңында еліміздің шығармашылық ұжымдарына және жекелеген орындаушыларға екі театрлық-концерттік маусымдағы, яғни 2020-2021, 2021-2022 жылдар аралығындағы айтулы шығармашылық табыстар мен кәсіби жетістіктер үшін беріледі.
Премия негізгі үлкен 4 бағытты қамтиды, яғни:
театр өнері;
музыкалық орындаушылық өнер;
хореография өнер,
бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары.
Осы 4 бағыт бойынша 19 номинация тағайындалып отыр.
Оның ішінде аталған бағыттар шеңберінде көзделген 17 номинация жеңімпаздарына 2 млн теңгеден, ал «Үздік музыкалық-драмалық спектакль», «Үздік балет спектаклі» номинацияларының жеңiмпаздарына 10 млн теңгеден ақшалай сыйлықтар қарастырылған.
Енді сол 19 аталым бойынша әр номинацияны жеке-жеке таныстырып кеткім келеді.
«Театр өнері» бағыты :
«Опера өнері»;
«Актерлік шеберлік»;
«Үздік режиссура»;
«Спектакльді үздік көркем безендіру»;
«Үздік музыкалық-драмалық спектакль» аталымдарын қамтиды.
Бұл аталымдардың ішінде біз «Спектакльді үздік көркем безендіру» аталымын тұңғыш рет тағайындап отырмыз. Көбіне декорация мамандары мен сахна суретшілері ылғи көлеңкеде қалып жатады. Біз осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек.
«Музыкалық-орындаушылық өнер» бағыты бойынша премия:
«Үздік дәстүрлі ән орындаушысы»;
«Үздік дәстүрлі орындаушы-инструменталист»;
«Үздік музыкалық ансамбль» аталымдарына беріледі.
«Хореография өнерi» бағыты бойынша:
«Үздік би ұжымы»;
«Балеттегі үздік орындаушы»
«Үздік хореограф»
«Үздік балет спектаклі» аталымдары қамтылды. Бұл жерде «Үздік балет спекталкінің» сыйлығы — 1 жүлде 10 000 000 теңге. Яғни, жүлде шығармашылық толық ұжым үшін тағайындалады.
«Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» бағыты бойынша:
«Сәндік-қолданбалы өнердің үздік туындысы» және «Кескіндемешінің үздік жұмысы/графика» аталымдары қамтылды.
Өнердің бұл түрі де, яғни қылқалам шеберлеріміз де көбіне осындай сыйлықтардан көбіне шет қалып жатады. Суретшілерімізді біз әрқашан қолдауымыз қажет. Осындай жобалар арқылы жаңа дәуірдің кең тынысты кескіндемелері дүниеге келуі керек.
Сондай-ақ ұлттық премия шеңберінде арнайы жүлде де тағайындалады:
— Арнайы жүлде – «Үздік балалар спектаклі үшін» беріледі.
Конкурсты дайындап, өткізуші «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры.
Өтінімдер қазірден бастап 9 желтоқсанға дейін қабылданады. Басқа да қажетті ақпараттар Мәдениет және спорт министрлігі мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ресми сайттарына орналастырылып отыр.
Отандық мәдениет пен төл өнерлерімізді дамытудың жаңашыл тенденцияларын айқындауда, дәстүрлі өнерімізді дәріптеп, Қазақстанның бірыңғай мәдени кеңістігін қалыптастыруда UMAI ұлттық сыйлығы шығармашыл қауымға тың серпін береді деп сенеміз.
***
Біз бұған дейін әдебиет пен баспа ісін қолдау мақсатында тұңғыш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын жариялаған болатынбыз. Сондай-ақ бүгін «Ұмай» премиясын алғаш рет өздеріңізге хабарлап отырмыз. Алдағы айда да республикалық «Дала дауысы» шығармашалық конкурсын жариялайтын боламыз.
Өнері биік елдің – өресі де биік.
Төл мәдениетіміз төрге оза берсін, шығармашылық иелеріне шалқар шабыт тілеймін!