МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАПТАМА ҚЫШТАР

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығына Алматы қаласының тұрғыны Бекболатов Анарбек деген азамат хабарласып, аманат жеткізгісі келгенін айтқан болатын. Ата-баба рухына деген құрмет, туған жер тарихына жанашырлық сезімі жетелеген Анарбек аталған аманатты, яғни Әзірет Сұлтан кесенесінің XIV ғасырдағы төл қаптама қыштарының (кашин бұрыш) екі данасын музейге алып келді.
Әңгіме барысында бұл қыш қаптамаларға қатысты өзіндік тарихына да қанық болдық. 1976 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде реставрация жұмыстары жүріп, музей құру мәселесі енді көтеріліп жүрген тұста мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков аталған қыштарды зерттеп, музейлендіруде қолдану үшін өнертанушы Аманжол Найманбаевқа тапсырған екен. Сол оқиғаның куәгері Нүркен осы Анарбектің ағасы екен. Бұл күнде марқұм болған Аманжол ағамыз кесене қыштарын музейге қайтару керектігі туралы, алайда түрлі себептермен кейінге қалып келе жатқанын айтады екен.
Аманжол ағаның баласы Асан Найманбаев үйіндегі шифонердің үстінен орамадағы қаптама қыштарды тапқаннан соң, әке өсиетімен кесенеге жеткізіп беруін сұрапты.
Музей-қорық қызметкерлері қаптама қыштардың XIV ғасыр нұсқасы екендігіне көз жеткізді. Археолог Марат Қымызұлы қаптама қыштардың қабырханаға кіретін қуыстағы панелге арналып жасалған үлгілері деген болжам жасады. Бұл үлгілер жасалуы өте күрделі, гүл өрнектері жеке жапсырылып, алтын сулары жалатылатын өрнекті қаптама қыш болып саналады. Тарихи жанашырлықпен музейге тапсырылған кесененің төл қыш қаптамалары музей-қорықтың қорына өткізіліп, есепке алынатын болады.
28 тамыз – мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың туған күні. Өзағаңның туған күні қарсаңында Ясауи кесенесі қаптама қыштарының 46 жылдан соң музей-қорыққа қайтарылуының да өзіндік мәні бар деп білеміз.
27 тамыз күні Ясауи кесенесінің кітапхана бөлмесінде ашылатын «Өмірі өнегелі Өзбекәлі» атты көрмеден өзі қолданған заттармен бірге, XIV ғасырда жасалған, алтын жалатылған қаптама қыштарды да тамашалауға шақырамыз!
Алдыңғы ақпарат

КӨШПЕЛІ КӨРМЕ СЕМЕЙГЕ БАРДЫ

Келесі ақпарат

UMAI ұлттық сыйлығы шығармашыл қауымға тың серпін береді