Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында 24–25 маусымда отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық семинар-кеңес өтпек. Осынау алқалы жиын алдында мекеме директоры Мәулен САДЫҚБЕКОВПЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Мәулен Жарылқасынұлы, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына директор болып қызметке келгеніңізге де 2-3 айдың жүзі болып қалды. Өзіңізге таныс сала, таныс қызмет. Бұған дейін де дәл осы қызметті бірнеше жыл атқардыңыз. Сондықтан танысу, білісу деп жатпай, бірден бел шешіп, білек сыбанып қызметке кірісіп кеткен боларсыз…
– Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің қастер тұтатын киелі орны, әлемдік деңгейдегі тарихи сәулет ескерткіші. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының өзі осы кесене негізінде құрылған. Сондықтан біздің ең басты міндетіміз – сол баға жетпес байлығымызды, еліміздің мақтанышына айналған қасиетті кесенені көзіміздің қарашығындай сақтау, әрбір кірпішіне дейін жіті бақылауда ұстап отыру.
Өкінішке қарай, соңғы 5-6 жылдың көлемінде бұл міндет босаңсып, кесененің сақталу жағдайын бақылап отыру жұмыстары назардан тыс қалып қойғандай. Әрине, бұлай айтсаң, біреулердің шымбайына батып кетеді. Айтқан адамды жау көреді. Бірақ, расы осы. Бір ғана мысал, ылғалдылық режимін бақылайтын құрылғыларды 2012 жылы сатып алған едік. Қызметке қайта келіп қарасақ, әлі күнге дейін жаңартылмапты, барлығы дерлік істен шыққан, жарамсыз. Сөйтіп, жыл он екі ай мәлімет жинау тоқтап қалған. Бұл – өте өзекті мәселе. Осы құралдар арқылы нақты мәліметтер жинақталады. Сол мәліметтердің негізінде ғана мамандар дәл қорытынды шығарады, яғни диагнозын анықтайды. Дренаж құдықтары да көміліп, кесененің айналасындағы су деңгейін бақылау тоқтап қалған. Бұлардан бөлек кесененің іші құдды бір музей секілді экспозицияға толтырылған. Кесене экспозициялық алаң болуға арналмаған. Мұның бәрі тарихи ескерткіштің жағдайына теріс әсер еткен деуге негіз бар. Үлкен күмбездің сулануы, Мешіт, Кітапхана бөлмелерінің ылғалдануы, тұздануы көзге ұрып, қатты байқалып тұр.
Қызметке қайта кіріскен күннен бастап-ақ ұжым үшін осы мәселенің ең өзекті, басым бағыт екенін атап көрсеттік. Көрмелердің барлығын дерлік жинастырдық. Кесененің есіктерін ашып, ауа айналымының жақсаруына, сол арқылы кесене қабырғаларының, күмбездерінің табиғи жолмен құрғауына жағдай жасадық. Ылғалдылықты бақылап тұратын құрылғылар сатып алуға кірістік.
Ал, барлық қолға алынатын шаралардың ең маңыздысы кесененің жағдайына қатысты ауқымды және тұрақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Бұл жобаның аясында кесененің әрбір кірпіші түбегейлі зерттелуі тиіс. Соған сүйеніп кесененің жағдайына байланысты түйінді тұжырымды білікті ғалымдар, кәсіби мамандар анықтауы тиіс. Диагнозы анықталған соң, оны емдеу де оңай болады.
– Бұл мәселе бойынша қандай жұмыстарды қолға алдыңыздар?
– Бірінші кезекте кесенені бұрын зерттеген отандық ғалымдармен хабарластық. Сонымен қатар, Ясауи кесенесі тақылеттес ескерткіштерді зерттеп жүрген шетелдік ғалымдарды іздедік. Нәтижесінде, осы айдың, яғни маусымның 24-25-сі күндері Түркістанда отандық және шетелдік ғалымдардың басын қосып, «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталу жағдайы» бойынша халықаралық семинар-кеңес өткізгелі отырмыз.
– Кесене айналасында жүргізілген көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарының кесенеге зардабы тиіп жатыр деушілер де бар. Бұған не айтасыз?
– Орынды сұрақ. Қазір жәй көздің өзіне кесенеде ылғалдану процесі қарқынды жүріп жатқандығы көрініп тұр. Одан бөлек тұздану мәселесі де қатты байқалады. Бұл мәселенің салдары. Ал, оның себебі не? Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізбейінше бұл сұрақтарға нақты жауап беру мүмкін емес. Алдағы күндері өткелі отырған халықаралық семинар-кеңесте осы сұрақтарға алғашқы жауаптарды іздейтін боламыз.
Облыс орталығына айналғалы Түркістанды түлету мақсатында ірі құрылыс жобалары іске асты. Бұл – қуанарлық жайт.
Алайда, атқарылған қыруар жұмыстарға қарап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ең алдымен туристік нысан ретінде қараған-ау деген ой келеді. Қожа Ахмет Ясауи әлемі ысырылып қалғандай. Түркістанда қандай жоба қолға алынбасын, ең алдымен Ясауи мұрасын қастерлеу, соны жарылқау тұрғысынан қарастырылса екен. Біз мынаны естен шығармайық. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы, оның ішінде баба кесенесі де бірінші кезекте – ұлттық киеміз, қастерлі бойтұмарымыз. Екінші кезекте – әлемде теңдесі жоқ тарихи-сәулет ескерткіші. Үшінші кезекте – туристік нысан. Міне, осы реттілікті сақтағанда ғана бар мәселе өз орнына келіп, шешімін табады деп ойлаймын.
–Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Абай БАЛАЖАН,
«Ońtústik Qazaqstan».