МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Шелек ХVIII-ХIХ ғғ.

Шелексұйықтық құюға, сусымалы заттарға арналған ыдыс. Пішіні цилиндр, қиық конус бітімдес. Дәстүрлі қазақ қоғамында шелектерді теріден, ағаштан, металдан жасаған. Музей қорында металдан жасалған шелектердің бірнеше түрі бар, солардың бірі қоладан жасалған шелек. Шелектің жоғарғы және төменгі жақтары кең болып келіп ортасы қысылған, астына дөңгелек түп жапсырылған. Қақпағы бар. Жоғарғы жағына дәнекерленген екі құлақшаға доға пішінді, жоғарғы беті көтеріліңкіреп әсемделген тұтқа дәнекерленіп отырғызылған. Шелектің сыртқы беті айналдыра сопақша пішінді, балықтың қабыршағы тәріздес болып келген медальондармен өрнектелген, араларына, жоғарғы және төменгі жақтарына өсімдік тектес өрнектер салынған.

Мұндай, нақышты өрнек түсіріліп әсемделген ыдыстарды орта және кейінгі ортағасырларда дәулетті отбасылары пайдаланған.

Қола, химиялық тәсілдермен бояуға, бағалы металлдар жалатуға әрі жалтыратуға икемді болғандықтан көне заманнан бері әшекейлік бұйымдар мен мүсіндер құюға пайдаланылып келеді. Шелектер қоладан бөлек мыстан да жасалған. Бірақ, қола мысқа қарағанда балқу температурасы  төмен берік әрі төзімді келеді. Құйылмалық қасиеті де жоғары келеді.

Металдан жасалған шелекті кей жерлерде бақыр деп те атайды. Көне түркі тілінде мысты, жезді бақыр деп атаған. Бұл металдардан істелген ыдыстар да бақыр аталған. Бақыр сөзінің кішірейтіп айтылуынан бақыраш атауы (темір ожау) туған. Бақыраш сыйымдылығы 1-2 литр келетін кіші көлемді ыдыстар. Қазақ халқы өзінің көшпелі тіршілігінде қолданысқа қолайлы болуы үшін көбіне  шелектерді теріден немесе ағаштан жасап отырған.

Мұндай ыдыстар жасау тәсілі қазіргі күнде тоқтатылған, темір және пластиктен жасалған шелектер тұрмыста көптеп қолданыла бастауына байланысты тері мен ағаштан жасалған шелектермен қатар мыс шелектер де музей қорлары мен витриналарында ғана жәдігер ретінде көрермендер назарына ұсынылатын құндылыққа ие болды.

Шелектің өлшемі: 88 х 34 см. Сыйымдылығы 10 л. Дайындалу мерзімі шамамен ХVIII-ХIХ ғғ. Өткізген: Түркістан қаласы, Бірлік көшесі № 39 үй тұрғыны К.Орынбасаров.  

Алдыңғы ақпарат

«ЯСАУИ МҰРАСЫ – ҰЛТТЫҚ КИЕМІЗ»

Келесі ақпарат

«Бустан ул-мухиббиннің» (Алланы сүюшілердің бақшасы) кіріспесінен үзінді.