«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің нумизматикалық жәдігерлер қорында 1901 жылы Ресей патшалығының билеушісі ІІ Николай тұсында соғылған 10 рубль құндылығындағы алтын ақша сақтауға алынған. Патшалық Ресей дәуірінің бұл жәдігерін музей қорына 2005 жылдың 12 тамызында Түркістан қаласы, Фитрат көшесі, №20 үйдің тұрғыны Г.Ғафурова өткізген. Жәдігердің диаметрі 23*23 мм. салмағы 8,575г. құрайды. Жәдігердің сақталу жағдайы жақсы.
Аверсінде Тиын жиегін бойлай шеңберлене түсірілген нүктелерден түзілген кант, тиын шеңберінің орталық алаңын түгел ала ІІ Николайдың солға қарата түсірілген профильдік портреттік бейнесі түсірілген. Профильдік бейненің сол жақ тарапындағы тиын жиегін бойлай, «Б. М.НИКОЛАЙ II ИМПЕРАТОРЪ», оң жақ жиегін бойлай «И САМОДЕРЖЕЦЪ ВСЕРОСС.» жазбалары түсірілген.
Реверс: аверсіндегідей кантпен көмкерілген тиын шеңберінің орталық алаңында екі басты самұрық бейнесіндегі Ресей империясының гербі түсірілген. Гербтегі самұрықтың екі басына императорлық тәж кигізілген. Самұрықтың екі кіші императорлық тәж кигізілген бастары Әулие Апостол Андрей Первозванный атындағы орденнің лентасымен көмкерілген бір үлкен императорлық тәжбен біріктірілген. Самұрықтың кеуде тұсында ат үстінде отырып, айдаһарды найзамен шаншып жатқан жеңімпаз әулие Георгий бейнеленген қалқан пішіндес Мәскеу гербінің бейнесі түсірілген. Самұрық қанаттарында кіші қалқан түрінде сол кезеңде Ресей империясының құрамындағы Қазан, Польша, Таврикалық Херсонес, Астрахань, Сібір, Грузин патшалықтарының, Финляндия, біріккен Киев, Владимир және Новгород князьдіктерінің гербтерінің бейнелері орын алған. Герб бейнесінің астын ала «10 Рублей 1901 г.» түріндегі құндылық көрсеткіші түсірілген. Гуртында «ЗОЛОТНИК ЧИСТАГО ЗОЛОТА 78,24 ДОЛИ».
Ресей императоры ІІ Николай тұсында 1898-1911 жылдар аралығында 900 % сынамдық алтыннан 5, 7,5, 10 және 15 рубль құндылығында ақшалар соғылып отырған. Алтыннан соғылған 10 рубль құндылығындағы ақшалар «Империал» деп аталған. Бірақ, халық арасында бұл алтын ақшалар алдыңғы кезеңдердегідей «Червонец» аталып кеткен болатын.
Ресей патшалығы тұсында алтын ақшалардың соғылу тарихына қысқаша тоқталар болсақ, Ресей патшалығында ІІІ Иван тұсынан І Петрге дейін алтыннан «червонец» немесе «червоный» аталған белгілер соғылып отырды. Алайда, екі бетінде де екі басты самұрық бейнесі немесе бір бетіне патшаның бейнесі, екінші бетіне самұрық бейнесі түсіріліп отырған бұл алтын белгілер (червонецтер) негізінен ақша қызметінде емес, марапат белісі ретінде көбірек танымал болған.
І Петрдің жүргізген ақша реформасының нәтижесінде жаңа ақша жүйесі құрылып, алғашқы алтын ақшалар – червонецтер айналымға ендірілді. 1701 жылдан бастап соғыла бастаған алғашқы червонецтердің 118 данасы шығарылып, олар негізінен шет елдермен жүргізілетін саудада ғана қолданылды. Сынамы 986 % алтыннан соғылып отырған бұл ақша белгілері екі номиналда айналымға жіберілген болатын. Салмақ көрсеткіші 3,47 г.-ды құрайтын 1 чернвонецпен қатар, 6,94 г.-ды құрайтын 2 червонец құндылығындағы алтын ақшалар да ірі көлемдегі сауда қатынасын қамтамасыз етуге қызмет етті.
І Петр тұсында 1701 жылдан 1716 жылға дейін соғылып отырған червонецтер шекімесі тоқтатылып, олардың орнына сынамы төмен 2 рубль құндылығындағы алтын ақшалар соғу қолға алынды. Бұл, 2 рубльдік алтын ақшалардың беттерінде Ресей патшалығының қолдаушысы әулие Андрей Первозванныйдың бейнесі түсіріліп отырды. Осылайша, І Петрден бастау алған 1 және 2 червонец құндылығындағы алтын ақшалар шекімесі, ІІ Петр, Анна Иоанновна, Елизавета, ІІІ Петр, ІІ Екатерина, І Павел, І Александр патшалардың тұстарында да жалғасын тауып отырды.