СЫҒАЙ БАРАҚҰЛЫ — XVIII ғасырдағы қазақ хандарының бірі. Тарихи деректерде есімі Шигай, Сығай үлгілерінде кездеседі. Ахмад хан деген лақап атпен Наманған билеушісі болды [Ерофеева, 2001. С. 121].
Туылған жылы белгісіз. Қайтыс болған уақыты 1750 жылдың шамамен ақпан-наурыз айлары.
1748 — 1750 жылдар аралығында билік құрған.
Сығай хан Барақ сұлтанның үлкен ұлы, Тұрсын ханның немересі, түбі Шыңғыс ханға барады [Ерофеева, 1997. С. 81].
Қазақ хандарының Жәдіктен тарайтын әулетіне жатады. Сығайдың бір әйелі 1744 жылы Галдан Цэрен сыйға тартқан жас ойрат қызы болған. Оның басқа әйелдері және балалары жайында дерек жоқ [Ерофеева, 1997. С. 118].
Жас кезінде-ақ Сығай қазақ, қалмақ, башқұрттар арасында танымал болды. 1738 жылдары башқұрттардың шақыруымен Башқұртстанға барып, хан сайланады. Бұл кез оралдық башқұрттардың өздерінің еркіндігі үшін Ресейге қарсы көтеріліске шыққан уақыты еді. Ол жақта болуы ұзаққа созылмай, Сығай өз еліне қайтады. Осыдан кейін башқұрттардың билеушісі Қарасақал бірнеше рет Барақ және оның ұлдары тарапынан қолдауға ие болды.
Сығай 1744 жылы өз әкесінің бұйрығымен аманат ретінде Жоңғарияға жіберілді. Онда ол Галдан Цэреннің әйелімен заңсыз қатынасқа түсіп, өзінің ашынасының ұлы, Жоңғария тағының мұрагері Цэван-Доржи-Аджи-Намжилдің өшпенділігіне тап болады. Сығай 1745 жылы қазақтарға қайтарылады. Елге оралғаннан кейін өз әкесімен бірге біраз уақыт Қазақстанның солтүстігінде көшіп-қонып жүрген. 1748 жылдың тамызында әкесімен бірге Әбілқайыр ханның өлімін ұйымдастыруға қатысты [Ерофеева, 1997. С.118].
Кейінірек Сығай Барақпен бірге Қазақстаның оңтүстігіне қоныс аударады, тағы біраз уақыттан кейін Ферғанаға жол тартып, сондағы Ұлы жүздің бір топ руларын басқарады. 1748 жылы ферғаналық қыпшақтардың ұсынысымен Қоқан жеріне аттанады. Әндіжан мен Наманган қыпшақтарының ханы болды. 1750 жылы Сығай Қарнақ қаласында әкесі, ағасы және өзі жергілікті қожалардың у беруі салдарынан қаза табады. Сығайдың улануын жоңғар қонтайшысы Аджи-Намжил немесе Әндіжандық сарттардың ұйымдастыруы мүмкін. Барақ пен оның ұлдарының уланып қаза табуының тағы бір жорамалы ол Әбілқайырдың балаларының қатысуымен болған деседі [Артықбаев,2001.С. 154-155].