ХІХ ғасырда шикі кірпіштен салынған дәстүрлі сәулеттік құрылыстардың бірі. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Бұл әулиенің кесенесі Түркістаннан 7 шақырым қашықтықта Шобанақ ауылының оңтүстігіндегі биіктеу төбеде, ескі қорымда орналасқан. Қорымды жергілікті халық «Көктонды ата әулие қорымы» деп атайды. Бұл күмбезделінген және мұнаралы құрылыс. Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймақтарына тән, сәулеттік шешіммен тұрғызылған. Тарихи ескеркіштің алғашқы келбетінің бір жағы кейіннен қосылған шілдехана құрылысынан көрінбей қалған. Бас фасады қос мұнарасы бар порталдан тұрады. Сонымен қатар мұнараларының ішінде шатырға көтерілетін айналмалы баспалдақтар орналасқан. Кесененің жалпы көлемі 10 х 12 метр. Кірер есігі алдында оң мен солға жүретін бір метрлік кіші дәліз бар. Оң дәлізбен жүріп айналмалы баспалдақ арқылы төбеге шығады, сол қанаттағы дәліз арқылы 4 х 3 метрлік бөлмеге, одан 6 х 3 метрлік шілдехана бөлмесіне өтеді. Бөлменің ортасына 1 метрлік темір торлы терезе қойылған. Терезе арқылы Имам Марқозының қабірі қойылған қабірхана бөлмесін көруге болады.
Көктонды атаның шын есімі туралы ел ішінде екі түрлі пікір бар. Бірі – Имам Марқозы (Марғұзи, Мерғазы, Мәруази). Екіншісі – Баба Машин. Ол ел аузындағы аңыз-әпсаналарға қарағанда Қожа Ахмет Ясауи заманында өмір сүріп, ол кісінің зікіршісі болыпты әрі осы өңірге Ислам дінін насихаттап, ел ішінде емшілікпен айналысқан таза жан болған деседі. Аяғына кебіс, үстіне үнемі көк тон киіп жүруіне байланысты Көктонды ата атанып кеткен екен. Аңыздарға сүйенсек, Көк тоңды ата Ахмет Ясауиге сұхбат құру үшін іздеп барады екен. Жәй бармай, бүкіл өзінде бар кітаптарын арқалап барады. Ахмет Ясауи кітаптарын көріп отырып, барлығын су толтырылған хаузға салып жібереді. Бұған таң қалған Көк шапанды әулие ұстазына қарап кітаптарды неге суға тастадыңыз, жарамсыз болатын болды ғой — деп сұрағанда. Ұстазы жәймен хауздан кітаптарды ала бастап. «Кітап — білім бұлағы» мен тек оның шандарын ғана қағып жатырмын деп құрғақ кітаптарды алғанда Көк шапанды әулие бұл кереметке таң қалған екен. Бүгінгі күні көкжөтел ауруына шалдыққан адамдар осы Көк шапанды әулиенің мазарының топырағымен емделуге болады деген сенімде. Ахмет Ясауи өлерінің алдында өзінің жаназасын шығаруды осы Көк шапанды әулиеге тапсырған деген аңыздар да бар.