МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Министр төтенше жағдай кезінде онлайнда өткізіліп жатқан мәдени іс-шаралар туралы баяндады (видео)

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында төтенше жағдайдағы мәдени демалысты қамтамасыз ету шаралары туралы баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз жиынында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова елімізде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап көптеген ұйымдар қашықтан жұмыс форматына көшіп, барлық мәдени-бұқаралық және спорттық жарыстар тоқтатылғанын айта келе, қазіргі таңда министрліктің атқарып отырған іс-шаралары туралы баяндады.

«Біз бұл сын-қатерді барлық мәдениет, спорт және туризм ұйымдарының қызметін «қайта жүктеуге» мүмкіндік ретінде қарастырамыз-деді ол.

Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі қолға алған шаралардың ішінде дәрістер, вебинарлар, концерттер, виртуалды экскурсиялар, балаларға арналған ертегілер белгілі атлеттермен өткізілетін жаттығулар қашықтан және онлайн режимде спектакльдер мен фильмдер бар.

«Қазақстандықтардың оң пікірлерін ескере отырып, біз бұл жұмыстарды кейінгі кезеңде де жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Мысалы, бүгін Министрліктің Instagram желісінде «Оқырман кітабы қандай?» атты қазақстандық мәдениет қайраткерлері бастаған және Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев қолдау көрсеткен әркім өзі оқып жатқан кітаптар, газеттер мен журналдар тізімін ұсынатын челленж көрермендер мен оқырмандардың ризашылығын тапты.

Уақытын тиімді өткізгісі келетіндер мен одан да көп кітап оқығысы келетіндер үшін www.kazneb.kz порталында 24/7 режимінде Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана жұмыс істеп келді және ол әрбір қазақстандық үшін тұратын жеріне қарамастан қолжетімді,»-деді министр.

Ақтоты Райымқұлова сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірлеген «Карантиндегі жұлдыз» онлайн-жобасына көрермендер тарапынан жылы пікірлер айтылып, жазылып жатқандығын да тілге тиек етті.

Жоба іске қосылған сәттен бастап қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен 15,0 млн. көрерменге дейін қамтитын 30 онлайн-концерт өткізілген. Республикалық ұйымдармен қатар, өңірлердегі мәдениет мекемелері де online форматтағы іс-шараларды іске асыра отырып, шығармашылық қызметте жаңа тыныс алып келе жатқанын да атап өтті министр.

«Жалпы, карантин басталғаннан бері бүкіл республика бойынша online режимде шамамен 15 мың іс-шара өткізіліп, оны шамамен 30 млн.адам қараған. Жүргізілген талдаулар біздің азаматтарымыздың жүзеге асырылып жатқан әр түрлі жанрлық жобалар мен іс-шараларға қызығушылық танытатынын көрсетті. Мәселен, бір ғана онлайн-концерт1,5 млн. адамға дейінгі аудиторияны жинайды. Әртістер арасында Ардақ Балажанова мен Клара Төленбаева дуэтін – 1,2 млн. адам, Зарина Алтынбаеваны – 1,1 млн. адам, Жәмиля Серкебаеваны – 1,1 млн. адам, «MEZZO» тобын – 1,0 млн. адам тамашалаған,»-деді А.Райымқұлова.

Театр өнері, кино, классикалық халық және эстрадалық жанрлардың орындаушылары үшін онлайн-әңгіме, сұхбат, онлайн дәріс форматтарының тартымдылығы туралы айта келе: «Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрдың «Live show» кешкі ойын-сауық бағдарламасы, «On-line батл» атты жаңа танымдық жобасы
М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Карантинник» арнайы бағдарламасы, М. Әуезов атындағы Қазақ драмма театры корей, неміс , ұйғыр театрларының жобалары, #oneronline акциясы аясындағы, 
және кеше ғана басталғанын ерекше атап өткім келеді,»-деді.

Министр өндіріс үшін мемлекеттік қаржыландыруға ие болған фильмдерді жасаушылар ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының әлеуметтік желілерінде тікелей эфир циклын іске қосылғанын да айтып өтті.

«Күні бүгінге дейін жалпыға қолжетімді форматта тек республикалық ұйымдардың 160-қа жуық қойылым әлеуметтік желілілерге жүктелді. «Қазақфильм» киностудиясы ресми Youtube арнасына «Алтын кино қор» жобасымен — 1938-2002 жылдарға дейін түсірілген 60-тан астам фильмді жүктеді. 

Әр демалыс күндері КТК телеарнасының «Домашний сеанс» киномарафоны  аясында өткен 15 жыл ішінде түсірілген үздік қазақстандық картиналар 24 мамырға дейін әзірленген.

Бұдан басқа, Министрліктің бастамасымен «Қазақфильм» АҚ қорындағы 223 ұлттық фильм Хабар, Qazaqstan, Еларна, Kazakh TV, КТК, Жетісу телеарналарына ақысыз негізде беріліп отыр. 

Елордамыздағы Астана Балет» театры әлемнің үздік балет артистерімен тікелей эфирлер ұйымдастырып, репертуарындағы үздік шығармаларын on-line форматта көрсетуде.

«Астана Опера» театры Tengri TV-ден желісіне  Кеннет Макмилланның хореографиясында үздік туындыларын онлайн көру мүмкіндігін ұсынып отыр»,-деді Ақтоты Рахметоллақызы.

Министр сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры бүгінде онлайн балет сабақтарын, «Home on-line concerts» және «GATOB Life» жобаларын жүзеге асырып жатқандығына тоқталды.

«Мәдениет және өнер саласының қызметкерлері еліміздің ғана емес, шет елдердің белгілі азаматтары белсенді қатысатын музыкалық челлендждерді жалғастыруда. «Бірыңғай әлем» жобасы Қазақстан-Ресей әртістерінің қатысуымен түсірілген: «Тұран» фольклорлық-этнографиялық тобы 15 мемлекеттің музыканттары қатысқан, жобаны жалғастыруда. Бүкіл әлемде індетпен күрескен дәрігерлерге қолдау көрсету мақсатында Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жаңа композициясын орындады; «Астана Опера» театрының жетекші солисі Майра Мұхамедқызы әлем дәрігерлеріне ән арнады. Симфониялық және халық аспаптар оркестрі, театр ұжымдары өнер оқу орындарының оқушылары, спорт майталмандары, Бізбіргеміз, Бірге еңсерейік челленджерін жалғастыруда. Танымал әртістер орындаған «Карантин» атты ырғақты әннің клипі де танымалдыққа ие болып келеді»,-деді А.Райымқұлова.

Бүгінгі таңда Бозоқ, Сарайшық, Сауран және Отырар қалашықтары, сондай-ақ Берел және Есік қорғандары сияқты тарихи-мәдени мұра объектілерімузейлер мен музей-қорықтар қазақстандықтарға өздерінің сайттарында 3D форматтағы экскурсия, онлайн-серуен режимі, сондай-ақ бейнероликтер, бейне экскурсиялар, онлайн дәрістер, бейне сабақтар және т. б. іс-шаралар арқылы өз жерлерін көрсету мүмкіндігін ұсынып отыр.

«Мәселен, музей-қорықтар қысқа уақыт аралығында 100 мыңнан астам адамды қамтитын 150-ден астам онлайн-шара өткізді. Ерекше тоқталатын жобалардың бірі: Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер галереясы әзірлеген есту қабілеті бұзылған азаматтарға арналған арнайы бейне-экскурсиялар. Бұл шара еліміздегі 18 мыңнан астам есту қабілеті бұзылған адам үшін керемет мүмкіндік тудырды десек те болады.

Сондай-ақ, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да тек карантин кезінің өзінде 25-тен астам шығарманы әлеуметтік желілерге орналастырды, Брайль шрифті бойынша 130-дан астам кітап, аудиокітап, соның ішінде Ұлы Абайдың шығармаларын таратты.

Балалар үшін қолға алынған «Ертегілер әлемінде» айдарының екі апта ішінде тұрақты көрермендерінің саны 2 мың. адамнан асты,»-деді министр.

Қазақстандық өрендер үшін «Өнерлі өрен» республикалық онлайн конкурсы ұйымдастырылып, 500-ге жуық өтініш түскен.

«Бұл ретте классиктердің, соның ішінде Ұлы Абайдың ең үздік шығармалары өте танымал екенін айта кету керек. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде жалғасып жатқан конкурсты бір уақытта 28 мың көрермен тамашалайды. Балалардың шеберлігін кәсіби әртістер, ақындар бағалайды.

Дәстүрлі V «Бала дауысы – 2020» ұлттық ән байқауы биыл жаңа форматта өтеді. Сайыстың ақтық бөліміне қатысу үшін 17 үміткер онлайн іріктеледі,»- деп атап өтті А.Рахметоллақызы.

Министр 41-ші Республикалық орындаушылар байқауы да «бейнежазбалар бойынша» жаңа форматта өткізілетіндігін мәлімдеді.

Мемлекеттік тілді оқытудың озық үлгілері ретіндегі жобаларға тоқталған А.Райымқұлова  «Қазақ тілін оқытуға арналған үздік подкаст»,  #ONLINЕ-da bol атты онлайн байқаулары басталғанын айтты.

Пандемия кезеңінде көптеген қиындықтарға тап келген Қазақстанның туризм саласы да қазіргі кезде көптеген іс-шаралар өткізіп отыр.

««Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы қазақстандық туристік қауымдастықпен, туризм басқармаларымен бірлесіп www.tourismonline.kz арнайы сайтында «Туризм үшін онлайн вебинарлар» жобасын іске қосты. Бүгінгі күні шамамен 20 өзекті тақырып талқыланды оның 25 мың көрермені бар. 

Бүгінгі күні алаңда 20 өзекті тақырып, оның ішінде «Алматы облысындағы тау туризмі», «Турагенттерге арналған заң кеңесі», «Туризм үшін кредит беру бағдарламалары», «KIDS GO FREE — іске асыру тетігі», сондай-ақ жазбаларға қол жетімді. Роликтерді25 мыңнан астам адам қараған, сайт қолданушылары Қазақстаннан басқа ТМД және алыс шетелдерді қамтиды. Орталық-Азиялық әріптестермен бірлесіп, туризм саласында дағдарыстан шығу шаралары бойынша онлайн кеңес ұйымдастырылды.

Спорт саласында да мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында допингке қарсы онлайн-курс енгізілді,»-деді А.Райымқұлова.

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында да атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес.

«17 наурызда Қазақстан киберспорт Федерациясы мен «Қазақтелеком» АҚ Қазақстанда алғаш рет Alaman#StayHome аймақтық турнирін өткізу туралы хабарлады. Қашықтан өткен алғашқы киберспорттық турнирге гаджеттер арқылы сайысқа түскісі келетін қазақстандықтардан 5000-ға жуық өтініш түсті. Бұл сайыс 31 мамырға дейін жалғасады. Сондай-ақ, Министрлік үстел ойындары бойынша онлайн-турнирлер ұйымдастырады: қазақстандық шахмат федерациясы Қазақстан киберспорт федерациясымен бірлесе отырып, chess.com сайтында «Uide Bol Cup 2020» найзағайлы шахмат (блиц) бойынша алғашқы онлайн-турнир ұйымдастырды. Жарысқа 1 230 әуесқой шахматшы қатысты.

Осындай жұмыстар өңірлерде де жүргізілуде. Мысалы, Ақтөбе облысында тоғызқұмалақтан облыстық онлайн турнир, Маңғыстау облысында алғаш рет онлайн-шахмат бойынша облыс чемпионаты өтті,»-деп қорытындылады сөзін Мәдениет және спорт министрі.

Алдыңғы ақпарат

«Астана Балет» тұңғыш рет төл спектакльдерінің жазбасын онлайн көрсетеді

Келесі ақпарат

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» халқымыз бұл індетті де жұмыла жеңеді