Сәмеке хан (туған жылы белгісіз – 1738 жыл) – Орта жүз хандарының бірі. Тәуке ханның баласы, Салқам Жәңгір ханның немересі. Оның билігі Ақтабан шұбырынды оқиғасынан кейінгі жылдары жүзеге асты. Ордасы Түркістан қаласында болды. Орыс деректерінде Шахмухаммед, Шамака, Шемахи, Шемяка, Шахмахмет деген аттарымен белгілі (Ерофеева, 1997: 77). Сәмеке хан наймандар мен қыпшақтардың кейбір руларына және арғындардың бір бөлігіне иелік етті. Ол ішкі саясатта орта жүзді біріктіруге күш салды. Сыртқы саясатта жоңғарлар мен Орта Азия хандықтарының басқыншылық әрекеттеріне қарулы қарсылық көрсетуімен белгілі болды. Сәмеке хан Әбілқайыр ханмен күш біріктіріп, қазақ жерін қалмақтардан босату мақсатында 1723 және 1726 жылдары Еділ бойындағы Кіші қалмақ ордасына 2 дүркін жорық жасады. Сыртқы және ішкі жаулармен күресте күшті көршісі Ресейге арқа сүйеуге тырысты. 1731 жылдың 15 желтоқсанында А. Тевкелевпен бірге Ресеймен арадағы қатынасқа байланысты келіссөз жүргізді. 1730 жылы Әбілқайыр ханның Уфаға жазған хатында Түркістан қаласын Сәмеке иеленіп отыр деп көрсетілген (История Казахстана в русских источниках, 2005: 369). Сәмеке хан жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін оятқан, әскери біліктілігімен танылған тұлға ретінде аты тарихта қалды Түркістан қаласында хижра жыл санауы бойынша 1228 жылы, яғни біздің қазіргі санауымызша шамамен 1813 жылы Абд Рахим Узканди жазған «Шыңғысхан рисолясы» атты қолжазбасының мәліметі бойынша: «Жахангир хан, Тауаккал Мұхаммад Бахадур хан, Шах Мұхаммад Бахадур хан Түркістанда йатқан», яғни «Жәңгір хан, Тәуеккел Мұхаммет бахадүр хан, Шах Мұхаммет (Сәмеке) бахадүр хан Түркістанда жатыр». Яғни, бұл дерек Сәмеке ханның Түркістанда жерленгенін көрсетеді (Қазақ хандары, 2015: 176).