ЖОЛБАРЫС ХАН АБДУЛЛА ҰЛЫ

Жолбарыс Абдуллаұлы XVIII ғасырда қазақтың Ұлы жүз руларын билеген ханы. Туылған жылы шамамен 1690 жыл. Жолбарыстың әкесі – Абдулла хан (шамамен 1719 жылы қайтыс болған). Жолбарыс ханның нақты шежіресі белгісіз. А.Г.Оловинцев пен Г.Ж.Табулдин құрастырған шежіреде Жолбарысты Қасым хан ұрпағы ретінде келтірген, онда Қасым хан – Жәлім сұлтан – Тұрсын хан – Абдулла – Жолбарыс хан дей келе, 1720–1739 жылдар аралығында Ұлы жүзге хан болды делінген. Тұрсын ханды Есім хан өлтірген соң, оның ұлы Абдулланы Есімнің ұлы Жәнібек хан тәрбиелейді деп келтіреді. Бұл шежіреде Жолбарыстың ұлдарын Әбілғазы хан мен Қошай Жолбарыс деп келтірген. Ол ташкенттік сарттың қызына үйленген. Басқа әйелдері туралы мәлімет жоқ. Жолбарыс ханның екі ұлы болған. Бірі болашақ хан Әбілғазы (Абулғазы, Аблязи, Әбіліз хан), екінші ұлы Рүстем хан, оның ұлы Есмандыр хан, Есмандыр ханның ұлы Мамут хан, Мамут ханның ұлы Ханбаба хан (Ерофеева, 1997: 77, 111–112). Әртүрлі тарихи деректерде Жолбарс, Аувбасар, Джолбарс, Юлбарыс, Юлбарс, Dsholbars, Жолбарыс хан деген есімдері осындай атаулармен аталады. Ол 1720 жылдан 1740 жылға дейін билік құрды. Ұлы жүзге хандық билік жүргізу, Жолбарыс ханға тікелей өз әкесінен мұрагерлікпен берілді. Жолбарыс ханның тұрақты ордасы Ташкент қаласында, ал жайылымдық жері аймақтың оңтүстігінде, Шыршық және Арыс өзендерінің аңғарларында, сондай-ақ Түркістан аралығындағы жерлер болды. 1730 жылы Тәуке ханның баласы Үлкен Орда иесі Болат хан қайтыс болып, таққа талас басталды. Болат ханның інісі, Орта жүздің ханы Сәмеке (Шахмұхамед) тақтан негізгі үміткер болды. Сондай-ақ, қалмақты қыруда үлкен ерлік танытқан және аса зор бедел жинаған Кіші жүз ханы Әбілхайыр да тақтан дәмеленді. Алайда, аға хан болып Болаттың үшінші ұлы Әбілмәмбет сайланды. Әбілхайыр бұған наразы болып, майдан шебінен әскерін алып кетті. Хандықтың заңды мұрагері болуға лайық Сәмеке де Шу бойымен Бетпақдалаға қарай өз әскерімен шегінді. Бұл реніштердің салдарынан жоңғарларға қарсы майдан шебі әлсірей бастады. Ұлы жүз ханы Жолбарыс өзі билеген қазақ рулары мен Ташкент тұрғындары атынан Жоңғар хандығына тәуелділігін мойындап, жоңғар әскербасына алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болды. 1733 жылы Ұлы жүз ханының елшілері Аралбай мен Оразкелді Кіші жүздегі Ерәлі сұлтанмен бірге Ресейге барып, патшайым Анна Иоановнаға Ұлы жүздің Төле би, Қодар, Сатай, Хангелді, Бөлек сынды батырларының атынан жазылған хатын тапсырды. 1738 жылы қыркүйекте Анна Иоановна Жолбарыс ханның атына арнайы грамота жолдап, оның тілегінің қабылданғанын мәлімдеді. Бірақ жоңғар билеушілерінің қарсылығы және Ресей мен Ұлы жүз хандығы арасында саяси қарым-қатынастардың қалыптаспауы себепті Жолбарыс ханның саясаты жүзеге аспады. Жолбарыс Абдуллаұлы 1739 жылы Абылай ханмен тізе қоса отырып, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес ұйымдастырды. Соның нәтижесінде Ташкент, Сайрам қалалары жоңғар әскерлерінен азат етілді. 1740 жылы сәуірде Жолбарыс хан Ташкент тұрғындарының қолынан қаза тапты. Орыс тарихшысы А.Левшин өзінің қазақтар туралы тарихи еңбегінде Жолбарыс хан қайтыс болған соң Төле бидің Ташкентті алты жыл бойы үздіксіз билегенін айтады. Жолбарыс ханның барлық ісәрекеті қазақ мемлекетінің құрылу, даму кезеңдерінде зор маңызға ие болды. Ол тарихқа XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы тәуелсіз билеушілердің бірі ретінде енді (Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1998–2007).

Алдыңғы ақпарат

СӘМЕКЕ ХАН ТӘУКЕ ҰЛЫ

Келесі ақпарат

СЕЙІТ ХАН СӘМЕКЕ ҰЛЫ