МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Музей қорына өткен жәдігерлер ғана ғасырлар бойы өз құндылығын жоймайды

Музейдің негізгі құндылығы-оның жәдігерлері. Музей қорын толықтырудың көптеген жолдары мен әдістері бар. Солардың бірі — «Музейге сый» акциясы болып табылады. Бұл акцияның негізгі мақсаты — ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару, ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы бар құнды дүниелерді, ұлы тұлғалардан бізге жеткен жәдігерлерді жинақтау, кәсіби тұрғыда сақтау, көпшілік назарына ұсыну.
Соңғы жылдары «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі де «Музейге сый» акциясын үздіксіз өткізуді дәстүрге айналдырған. Жиырма бес мыңға жуық тарихи құндылықтардың қатары толығуына бұл бастаманың қосар үлесі мол дейді мамандар.

-«Үстіміздегі жылдың сәуір айында өткен акция аясында музейге сый жасаған жомарт жандардың бірі — М.Тастанбеков. Ол музей қорына өзінің жеке коллекциясынан 8 дана нумизматикалық жәдігерлерді сыйға тартты. Осынау акция нәтижесінде музейдің нумизматикалық жәдігерлер қоры XV ғасырда Темір әулетінің билеушісі Ұлықбектің тұсында 832 х.ж. (1428-1429 жж.) Бухара ақша сарайында соғылған 2 дана фулус, XVI ғасырдың алғашқы жартысында Ясы қаласында соғылған, бетіне «Адиль Хан» эпитеттік жазбасы түсірілген 1 дана мыс динар, хижра жыл санағы бойынша 1310 жылы (1892-1893ж.) Бұхарада соғылған Бұхара әмірлігінің күміс тангасы және Ресей патшалығының 1866 жылы соғылған құндылығы 3, 1890 және 1913 жылы соғылған құндылығы, соғылған жылдық көрсеткіштің бірлік саны жойылып кеткен (190… ж.) 1 копейкалары сынды құнды дүниелермен толықты»,- деді қорық-музейдің бас қор сақтаушысы Нұржамал Әшірбекова.

-«Музейлерде жәдігерлердің барлық жағдайларды ескере отырып сақтауға алынуы еліміздің, оның өзіне тән ерекшеліктерін, өзгеге ұқсамайтын болмысының болашақ ұрпаққа аман жеткізілуіне қажетті ең маңызды дүние екендігі анық. Өйткені кез-келген халықтың рухани болмысы оның материалдық дүниелерінде көрініс беріп отыратыны белгілі.
Қала тұрғындарын халқымыздың рухани-материалдық болмысын тану мен сақтауда маңызды тарихи жәдігерлерді «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорларына өткізуге шақырамыз. Өйткені тек, музей қорларына өткен жәдігерлер ғана ондаған, жүздеген жылдардан кейін де экспозициялық шешімдер арқылы көрерменнің көз қуанышы болып, тарихшы, археолог, этнограф, нумизмат, қолөнершілер, суретшілер мен тағы да басқа халық жадын жандандыруға қызмет ететін мамандардың зерттеулеріне арқау болуға мүмкіндік береді»,- деді Нұржамал Әшірбекова.

Алдыңғы ақпарат

Республикалық қоғамдық штаб Түркістандағы шығармашылық интеллигенция өкілдерімен жүздесті

Келесі ақпарат

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және тұлғалар жайлы деректі фильмнің түсірілімі басталды