«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей — қорығының кеңсе үйі 2024 жылдың қаңтар айынан бастап жаңа ғимаратқа көшіп келген болатын. Ғимараттың 300 шаршы метрдей болатын үлкен залы бар. Музей-қорық әкімшілігінің залға арнайы тақырыпта музейлік жоспар жобасын жасау туралы тапсырмасы бойынша, экспозиция және көрме қызметі бөлімінің қызметкерлері бірнеше үлгідегі ұсыныстар жобасын дайындады. Олар талдана келе, музей-қорықтың 2025 жылға арналған жылдық жоспарына арнайы енгізіліп, дайындық жұмыстары басталды.
Қазақстанның қай музейін алсақ та, олардың қорларында бірегей де сирек кездесетін жәдігерлердің баршылығын білеміз. Бірнеше музейлер осындай құнды жәдігерлер үшін, тіптен арнайы зал ашып, оларға жеке кіру билет құндарын да белгілеп алған. Ал, біздің музей-қорық қорында 26 мыңнан астам жәдігерлердің 80 пайызына жуығы түпнұсқа жәдігерлер екенін ескерсек, ондағы тарихи маңызы зор құнды да, тіптен қайталанбайтын ортағасырлық қол өнер туындыларының өзі жеке арнайы зал ашып, халық игілігіне айналуды күтіп тұрғандығы белгілі.
Сондықтан осы залды тиімді пайдалану мақсатында, оған тұрақты музейлік экспозиция жобасы дайындалды.
Музейдің атауы да «Сирек жәдігерлер музейі» деп аталды. Экспозицияға Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ХІVғасырдағы Қақпа және Қапсырма есіктерінің әйгілі реставратор Қырым Алтынбековтың шеберханасында қайта қалпына келтірілген түпнұсқалары, сондай-ақ, Ясауи құлыптасының үстіне жабылған ХV ғасырдың керемет қол өнер туындысы Қабіржапқыштың түпнұсқасы шығарылатын болады.
Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне Әмір Темірдің сыйға берген қола шырағдандары да музей экспозициясынан тұрақты түрде орын алмақшы. Себебі, біріншіден, бұл жәдігерлер тек музей-қорықтың тарихи құнды жәдігерлері ғана емес, сонымен қатар бүкіл қазақ елінің де мәдени мұралар болып табылады. Сондықтан оларды көздің қарашығындай етіп сақтау абыройлы міндетіміз. Екіншіден, осы залда тарихи мұралардың ұзақ сақталуына аса қажетті ауа ылғалдылығы мен температурасы, жарық жүйесінің қалыпты режимдері де ретке келтірілген.
Зал экспозициясына, сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның Бүкіл әлемдік тарихи мұралар тізіміне алынғанын ескерсек, оның ХІІ ғасырдағы түпнұсқа оймышталған қаптама кыштарының, сирек кездесетін шыңылтырланған терракоталардың да бірнеше үлгілері шығарылады.
ХІV ғасырдағы кесененің шыңылтырланған майоликалық қаптама кірпіштері мен көз тартарлық мозайкалы жиынтық қыш үлгілері де музей экспозициясынан өз орнын алып отыр. Сондай-ақ, ХХ ғасырдың 70-80-ші жылдары Түркістан арнайы ғылыми-реставрациялық керамикалық шеберханасында дайындалған бояулы қыш өнімдерінің үлгілерін көріп, тамашалауға мүмкіндік жасалған.
Көрме наурыз айынан бастап ашылады деп жоспарлануда, қазіргі кезде онда тек толықтыру, этикетаждау жұмыстары жүргізілуде.

Р.С.Жүзбаева, көрме ұйымдастырушы.








