Орталық Азияда теңдесі жоқ ғажайып сәулеттік, тарихи, ансамбльдік туынды. Түркістан қаласының орталығында орналасқан. Кесене мұсылмандардың атақты әулиесі, көзі тірісінде Сұлтан-ул-Ғарифин атанған (Алланы танығандардың патшасы, яғни әулиелердің патшасы) Шайқы Ахмет Ясауиге арналып салынған. Халықаралық маңызы бар ескерткіш. Координаттары: 43.2977396, 068.2706328. Қазақ елінің негізін қалаған ондаған хан, би-сұлтандар, қолбасшылар мен батырлар өз өтініштері бойынша осы кесенеге жерленген.

1928 жылдың өзінде құрылысты зерттеген М.Е.Массон Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесі болғанын болжаған еді. Ғалым «оның қабірі үстінен шағын кесене тұрғызылған, 1923 жылы қазіргі кесененің төбесін жөндеу барысында табылған бес өрнекті сырсыз қыштар нақты осы шағын ғимарат қасбетінің нақыштауға арналған бөліктері болуы әбден ықтимал», — деп жазады. 1939-1941 жылдары жүргізілген реставрациялық жұмыстар кезінде ғимараттың төбесін қоқыстан тазалау барысында Қожа Ахмет Ясауидің көне кесенесін нақыштап қаптаған қыштар мен кірпіштер табылды. 1957 жылдың қазан айында солтүстік порталдың батыс тіреуінің іргесін жөндеу барысында Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесінің қабырғасы көрінді. Осы құрылыс қалдықтары – 2-3 м биіктікте сақталған қабырғалар 1975 жылғы реставрациялық жұмыстар барысында қазіргі кесененің зияратхана бөлмесі жағынан аршылды.


1994 жылғы реставрациялық жұмыстар барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің төбесінен ұзынсаны алпыстай үлкенді-кішілі өрнекті терракота бөліктері табылды. Алғашқы кесенеге қатысты жинақталған мәліметтерді талдаған археолог Ерболат Смағұлов келесі тұжырымға келді: Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесі сол дәуірдегі көркемделу деңгейі аса бай және ең жетілген үлгідегі ескерткіштер қатарында болды. Жалпы алғанда Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесінің өрнектелуін өсімдік-геометриялық композициялардың дамыған үлгісі деуге негіз бар, бұл алдымен ХІІ ғасырдың екінші жартысында тұрғызылған ескерткіштерге тән. Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесі ең алдымен қарахандықтар дәуірінің бетке тұтар ескерткіштері – Өзгент кесенелері, Ибраһим ибн Хусайн кесенесі, Самарқандағы Шах-и Зинда кешеніндегі «Д» деп белгіленген кесенеге ұқсас болған.
ХІV ғ. аяғы — XV ғ. басында жаңа кесененің салынуы
Көне Ясы шаһары XIV ғасырда шағын калашық деңгейінде болды. Дешті-Қыпшақ далаларында ислам дінінің кең тарауы, Шыңғыс хан ұрпактарының исламды қабылдауы Қожа Ахмет Ясауи қабірі жаткан Ясы қаласының мәртебесін өсіре түсті.
Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесінің айналасында жаңа салтанатты құрылыстар пайда болғанын ХІІ-ХІV ғасырларға тән сырлы және сырсыз өрнекті терракоталардың табылуы айғақтайды. ХІѴ ғасырдың соңғы ширегінде Мәуераннахр билеушісі Әмір Темір Сырдария бойындағы бір топ жерлерді өзіне қаратты. Ясы қаласы темірліктер тарихнамасында алғаш рет Әмір Темір мен Тоқтамыс хан (1376-1395) арасындағы соғыс барысында аталады. Екі жақ та Сырдарияның орта ағысындағы қалаларды иелену үшін ұзақ соғыс жүргізеді. 1388 жылы Тоқтамыс Сауран қаласына кіре алмаған соң, Ясыны басып алып тонаған. Жергілікті аңыз бойынша Алтын Орда ханы Тоқтамыс жорықтарының бірінде Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін және оның айналасында тұратын шайқыларды тонап кетеді. Темір әулие үшін кек алып, оларды талқандайды, тоналған заттарды қайтарады. Қолға түсірген үлкен олжа есебінен Кожа Ахмет Ясауидің қабірі үстінен жаңа алып кесене тұрғызуды бастайды.

Шараф ад-дин Али Йаздидің «Зафар-намесі» бойынша 1397 ж. «… Хазрет Сахыб Қыран (Темір) Йасы елді мекеніне (карйа) имам-зада Мұхаммад-и Ханафийа ұрпақтарына жататын шайқы Ахмет Йасауиге зияратка аттанып кетті және …жоғарыдан мейір түскен мазарды қайтадан салғызу үшін бұйрық шығарды. Іргелі ғимарат каланды, ол алып күмбез алдында үлкен және кең өрме жабуы бар қос мұнаралы бөліктен тұрады» Темірдің өзі ғимараттың негізгі өлшемдерін және бөлмелер құрамын белгіледі: «Құрылыс мынадай жайттармен ерекшеленеді: күмбездің ішкі дөңгелек көлемі 130 кез, диаметрі 41 кез және биіктігі де сондай…»
М.Е.Массонның пікірінше бұл құрылысты салуға Темірді терең ойластырылған саяси есеп итермеледі: «көшпелілердің ұлттық әулиесін қастерлеу арқылы оларды өзіне тарту, исламды дәріптеуші халықтардың рухани бірлігін паш ету, көшпелілерді өзінің алып мақсатымен таңғалдыру, ал ол іске асқан жағдайда өзі құрған империясының мол куатын паш ету болды. Міне, XIV ғасырдың аяғында өз мемлекетінің бір қиырында орналаскан жерде ортаазиялық сәулет өнерінің тамаша ескерткішін тұрғызуда көздеген нақты мақсаттары осы еді»
Алайда 1397 жылды Қожа Ахмет Ясауидің жаңа кесенесінің құрылысы басталған жыл деуге болмайды. Себебі, Шараф ад-дин Али Йазди жазып кеткен оқиғалардың куәсі болған жоқ және өз еңбегін 1425 жылы, яғни, Әмір Темір қайтыс болған соң 20 жыл өткеннен кейін бастады. Реставраторлардың зерттеулері кесене кұрылысының ХІV ғасырдың 90-шы жылдары басталғанын көрсетті. 1405 жылдың басында Әмір Темірдің дүние салуына орай кесененің қасбеті бітпей қалады.

Ғимараттың архитектурасы мен құрылымы
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — әдетте діни кешендерде жеке дара болып тұратын кесене, мешіт, ханака, медресе құрылыстарын сәулетшілер бір ғимаратқа біріктіре білген аса ірі кешен. Кесене 34 бөлмеден тұрады. Оңтүстіктен шығысқа қарай бір жіпке тізілгендей алып портал, орталық залы — Қазандық және әулие Қабірханасы орналасқан.
Ғимараттың жалпы ауданы 65,5 х 46,5 м. Жеке дара құрылыстардың орнына зәулім тұтас бір ғимараттың тұрғызылуы өз заманында сәулет өнерінің дамуында айтулы қадам болды.
Бас есік табалдырығын аттаған адам ғимараттың орталық залы Қазандық бөлмесіне кіреді. Әр кыры 18,5 м шаршы зал аса зәулім етіп жасалған. Қазандық бөлмесінің ортасында ортағасырлық қола құю өнерінің таңғажайып жетістігі, шебер Әбд әл-Әзиз ибн Шараф ад-дин Табризидің туындысы — Тайқазан қойылған.
Қазандық бөлмесі Орта Азия мен Қазақстан аумағында ең үлкен күмбезбен көмкерілген. Күмбез жасыл түсті сырлы қышпен қапталған. Қазандық күмбезінің биіктігі 39 м. Күмбез іш жағынан бедерлі сталактиттермен безендірілген.

Ресей империясы құрамында
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 1864 жылғы Ресей империясы әскерлерінің қаланы қоршауы барысында тағы да әскери қимылдар ортасында калды. Орыстарға қарсылық көрсетушілер кесенеге тығылғандықтан зеңбіректен 12 оқ атылды. Оның он бірі ғимаратка тиіп, кабырғаларды ойды, Құдықхана күмбезін тас талқан етті, әсіресе, Асхана бөлмесіне қатты зақым келді. Оңтүстік Қазақстан аймағы Ресей империясы қол астына өткен соң ескерткішті еуропалықтар көре бастады. Түркістанда 1876 жылы болған француз зерттеушісі Мариде Ужфальви-Бурдон (Уйфальви-Бурдон) баспасөз бетінде кесенеге тәнті болғанын және оның болашағына қатты алаңдаушылық білдіріп жазды: «Түркістан кереметі Әзірет мешіті жіңішке күн сәулелерін өткеріп тұрған күмбез архитектурасының үйлесімді пішіндері таңдандырады. Бұл туындыны сомдаған архитектор аса дарынды маман және аса талғампаз адам болған. Ғимараттың ірі бөліктері батылдықпен және қайталанбас пішінімен таңқалдырады, ал ұсақ бөліктері аса ұқыптылықпен жасалған… Осы ғажап ескерткішті қазір жөндеу үшін миллиондаған қаражат қажет болар еді; кесененің ұсқынсыз құланды төбеге айналу сәті тақап-ақ қалды» — деп жазады.
1872 жылы көп жыл бойы жиналып қалған қоқысты шығарумен шектелген алғашқы жөндеу жұмысы атқарылды. 1884 жылы ғимарат іргесі қышпен қапталды, мешіт бөлмесінің ауытқи бастаған қабырғалары төрт тіреумен бекітілді, кесене шатыры тазаланып тегістелді, суағарлар жасалды.
1910 жылы кесененің шырақшылары өздері жинаған қаражатқа және теңіз технигі Н.А.Козловскийдің қадағалауымен зеңбірек оқтары бұзған Асхана бөлмесінің қабырғалары мен шатырды төртбұрышты қышпен қайта қалпына келтірілді.
Кеңестер Одағы дәуірінде
ХХ ғ. 20-30 жылдары кесенені зерттеу мақсатында тарихи-археологиялық жұмыстар жүргізілді (А.А. Семенов, М.Е. Массон, Н.М. Бачинский). 1938 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысына сәйкес қорықтар және көне ескерткіштерді сақтау республикалық басқармасы И.З. Поляков басшылық еткен түркістандық ескерткішті жөндеу мен реставрациялау жөнінде арнайы прорабтық кұрды. Ғылыми кеңесші болып Орта Азияда реставрациялық жұмыстарда тәжірибе жинаған Б.Н. Засыпкин бекітілді. Осы жұмыстар барысында Қазандық күмбезі мен ғимарат шатыры ұсақ қышпен қапталды, кесененің бұзылған нақыш-өрнегі ішінара және біршама қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, суағарлар жасалды, ғимараттың іргесі күшейтілді. 1951-1959 жылдары Қазақтың мемқұрылыс басқармасының ескерткіштерді қорғау бөлімінің тапсырысымен үлкен реставрациялық жұмысты Өзбек КСР-ның мемқұрылыс басқармасының ғылыми-жөндеу шеберханасы жүргізді. Бұл жылдары фундаменті жоқ қабырғалар астына фундамент құйылды, фасадтар мен күмбездер реставрациядан өтті, ғимараттың сыртқы қабырғаларындағы көне тас панель қалпына келтірілді, қорғау аймағында жер деңгейі 2 м дейін төмендетілді. 1955-1959 жылдары жұмыстардың жетекші архитекторы, реставрациялык жұмыстардың кураторы Л.Ю. Маньковская болды. Ол ескерткіш архитектурасын толыққанды зерттеді және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің реставрациясы және зерттелу мәселелері жөнінде 1963 жылы кандидаттық диссертация корғады.
1966 жылы Қазақстанда ғылыми-жөндеу шеберханасы құрылды. 1980 жылы ашылған және алғаш директоры Б.Т.Тұяқбаева болған «Казпроектреставрация» институты Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зерттеу, сақтау ісіне үлкен үлес қосты. Кесене айналасындағы аймақ ретке келтірілді. 1978 жылдан бастап кесене музей ретінде кызмет атқаруға көшті. 1989 жылы музей «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы болып қайта құрылды.

Кеңестік дәуірде жүргізілген реставрациялык жұмыстар ескерткішті апатты жағдайдан шығарып, мәселені тұрактандырды. Арнайы архитектуралық, археологиялық және инженерлік зерттеулер жүргізілді, кесененің ғылыми негізде тексерілген алғашкы нақыш-өрнегі қалпына келтірілді, ғимараттың реставраторлар құрамы қалыптасты.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдары
Тәуелсіздік алғалы бері елімізде ұлттық мәдени мұраны сақтауда үлкен жұмыстар атқарылуда. Егемен ел ретінде Қазақстан Республикасы 1994 жылы әлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау конвенциясына косылды. Қазакстанның Түркиямен жасаған келісімі бойынша 1993-1995 жылдары түрік мамандары Кожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесін бекіту жұмыстарын атқарды. Түріктің «Вакиф Иншаат» фирмасы 1995-2000 жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне реставрация жүргізді.
Қазакстан Республикасы тарапынан ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне алғаш ұсынылған ескерткіш Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болды. Бүкіл әлемдік мұра комитетінің Париж каласында 2003 жылдың 30 маусым — 5 шілде аралығында болған 27-сессиясында Комитет мүшелерінің бірауыздан қолдауымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесін «Әлемдік мұра тізіміне» енгізілді.
Кесене Бүкіл әлемдік мұра тарихы мен мәдениетінің ескерткіші болғандықтан, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталу жағдайы да ЮНЕСКО-ның тікелей бақылауында және Конвенцияның келісілген міндеттемелеріне сәйкес тарап мемлекет мүмкіндігінше оның тиімді қорғалуын және сақталуын қамтамасыз етеді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Бүкіл әлемдік мұра тізіміне енгізілгендігі жөніндегі құжат
Әдебиеттер:
- Массон М.Е. О постройке мавзолея Ходжа Ахмеда в городе Туркестане // Известия Среднеазиатского географического общества. Т. ХІХ. Ташкент, 1929, с. 39-45.
- Пацевич Г.И. Ремонт и реставрация мавзолея мечети Ходжа Ахмеда Ясави в 1939-1941 гг. // Известия Академи наук Казахской ССР. Серия архитектурная. 1950, вып. 2, с. 95-100.
- Маньковская Л.Ю. Некоторые архитектурно-археологические наблюдения по реставрации комплекса Ходжа Ахмеда Ясеви в г. Туркестане // Известия Академии наук Казахской ССР. Серия история, археологии и этнографии. 1960, вып. 3 (14), с. 52-69.
- Туякбаева Б.Т., Проскурин А.Н. К истории строительства ханаки Ходжи Ахмеда Ясави // Известия Академии наук Казахской ССР. Серия общественных наук. 1985, № 4, с. 63-69.
- Смагулов Е. Первый мавзолей Ходжи Ахмеда Ясави // Промышленность Казахстана, 2004, № 1, с. 94-96.
- Кожа М. История Ясы-Туркестана (С древнейших времен до конца XVIII века), Алматы: Қазақпарат, 2000.
- Массон М.Е. Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясеви. Ташкент: Сыр-Дарьянское отделение Общества изучения Казахстана, 1930.
- Шараф ад-дин Али Йазди. Зафар-наме. / Подготовка к печати, предсиловие, примечания и указатели А.Урунбаева. Ташкент: Издательство «Фан» Узбекской ССР, 1972.
- Виткин В. Историческая справка // Туркестанские ведомости, 1906, № 93.
- Маньковская Л.Ю. Исследование архитектурного комплекса мавзолея Ахмада Яссави в гораде Туркестане и вопрос реставрации. Автореферат диссертации на соискание ученой степени кандидата искусствоведения. Ташкент, 1963.
- Французские исследователи и Казахстане / Перевод с французского О.В. Рублевой. Составитель И.В. Ерофеева. Алматы: Санат, 2006.
- Маньковская Л.Ю. Ремонты и реставрации мавзолея Ходжа Азмада Ясави в городе Туркестане // Методика и практика сохранения памятников архитектуры. М., 1974, с. 96-104.








