Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен батысқа қарай 300м жерде орналасқан. Координаттары: 43.2968824, 068.2660215. Мешіт қазақ хандарының және олардың туған-туыстары мен қызметшілерінің, нөкерлері мен қонақтарының намазға жығылатын жері деп есептеледі. Мұнда негізі махәллә тұрғындарына арналған Жәми мешіті мен бірге оның көше жақ бетінде жоғары лауазымды адамдарға арналған намаз оқитын жер «Мақсура» бөлмесі мен ауласы, жеке тахаратханасы бар, Бұл кішігірім мешіт «Мақсураның» жеке михрабы бар, имамы да жеке болған. Хандар мен олардың нөкерлері мұнда Хан ордасына қаратып ашылған жеке есіктен енетін болған және бес уақыт намаздарын атқарған. Археологиялық зерттеу жұмыстарының барысында мешіт, мешітке қатысты көше, мешітке жылу беру бөлмесі, екі бөлмелі тұрғын үй, аула, тахаратхана (дәрет алатын жер) секілді нысандар аршылып зерттелді және 2015 ж. толық қайта қалпына келтірілді. Енді Түркістандағы ең көне мешіттерге шолу жасайық, тарихына үңілейік.
Ясыдағы ең көне (ХІІғ.) мешіт қазіргі Жұма мешітінің орны, мұнда Ахмет Ясауи жанұясымен тұрған үй болған, соңынан, ол кісі қайтыс болған соң бұл үйді шәкірттері «сопылар мешітіне» айналдырады. Кәдімгі мешіттен мұның айырмашылығы сопылар мешіті михрабының айналасын (екі жанын) анар бұталары мен жемістерін және онда қонып, сайрап отырған Жұмақ құсы бұлбұл (сандуғаш) құстарының суреттерін көк бояумен салып сәндеген. Жазу болмаған, ауласында да михрабы болған.

Екінші көне мешіт Әзіреттің қабірханасының оңтүстік бетіндегі Қазандық бөлмесіне шығатын терең ниша (қабірхана есігі мен Қазандыққа дейінгі). Бұл XIIғ. Мешіт бөлмесінің ортаңғы бөлігі, мешіт Қабірхананың екі жағындағы дәліз-коридорлардың ортасын түгел алған (12-14м). Қазандық бөлмесі мешіттің ауласы болған, ортасындағы құдық қазанның астында орналасқан, әлі күнге дейін бар. Бұл құдықты 1997ж. тауып, аршып, ішінен кесененің қабырғасын сәндеген ғаныш плиткалары, т.б. заттар табылды, алайда тереңдігі 7,5м жеткенде жер асты суы көбейіп кетуі себепті аршу тоқтап қалды. Бүгінде үстіне бөлме салынып, оның үстіне Қазан қойылған.
Қылует, Кіші Қылует, Шілдехана, Құмшық ата мешіт деп есептелмейді, бұлар сопылық әдет-ғұрып өткізетін жерлер.
Жәудір ана мешіті Әзірет Сұлтан кесенесімен қатар салынған (XVғ.), оны Әжі Ахмет деген адам салдырған. Сонымен қатар, Түркістанға Мұхаммед Шәйбани хан да 1500-1510жж. арасында бір мешіт салдырады. Бұхара ханы Абдолла-II хан (Шәйбанидтер әулетінен) 1583-1598жж. аралығында бір мешіт тұрғызады. Қоқан ханы Худояр (1845-1875) да Әлқожа ата мешітіне жақын өз атынан Хан мешітін салдырған. Бұларға қоса Жәудір мешітіне қарама-қарсы Көк мешіт деген болды. Тоған маңында Сейітмұрат, Қалмет, Жабағы, Әмір палуан мешіттері жұмыс істеді. Күлтөбе маңында Базар мешіті мен Күлтөбе мешіттері қатар қоныстанды. Ал, Жеті ата қақпасы түбінде Баб Араб мешіті болды.
А.И.Добромысловтың еңбегінде қала мен оның маңында 1864ж.-20 мешіт, 1896ж.-41 мешіт, 1920 жылдары 60-тан аса мешіт жұмыс істегені айтылады.

Әдебиеттер:
- Тұяқбаев М., Өсеров Т., Мұсабаев Қ. Түркістан археологиялық отрядының 2013ж. «Хан мешіті» орынында жүргізген қазба жұмыстарының есебі. Түркістан, 2013. «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің Археология және ескерткіштерді қайта қалпына жаңғырту бөлімінің архиві.
- Тұяқбаев М. Түркістан археологиялық отрядының 2013ж. қазба жұмыстары // «Марғұлан оқулары -2014», Алматы-Павлодар, 2014. 229-237 бб.
- Хан мешіті, ХҮІІІ-ХХғғ.// «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы. І-том. Түркістан, 2021. 340 б.
- Хан мешіті // Түркістан энциклопедиясы, І-том. Астана, 2023. 201 б.
- Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. «Михман-наме-ий Бухара» М.,1976. – С.140-143.
- Добромыслов А.И. Города Сыр-Дарьинской области. Чимкент, Туркестан… Таш.1912. – С.34-36.








