Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың наурыз айында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысып, сөйлеген сөзінде: «Түркістан барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт, екенін айтты… «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр», — деген болатын. Мемлекет басшысының мұндай ұстанымдары Түркістан тарихы мен мәдениетін зерттеп-зерделеу жұмыстарын дамытуға жол ашып беріп отыр. Сондықтан қазіргі орындалып отырған бағдарлама өзектілігі мен оның нәтижелері маңызды саналады.
Отандық тарихты қайта бағамдаудың маңызын ескерсек, Түркістан тарихын жекелеген аймақтардың бірі ретінде қарастыруға болмайды. Түркістан қаласының тарихы еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал жасаған қалалардың бірі ретіндегі маңызы жоғары. Ресей империясының жаулап алушына дейін Орта Азиядағы халық саны жағынан Ташкенттен кейінгі екінші қала болуы көптеген мән-жайды аңғартады. Біржарым ғасыр уақыт бойы қазақ жері Ресейге тәуелді болуы халықтың жандүниесіне әсер етті. Біртіндеп, зорлықпен танылған көзқарас үстемдік алды. Бүгінгі таңда, тәуелсіз ел ретінде, мұндай көзқарастан біржола азат болу қажеттігі туындайды.
Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты: Түркістан қаласының тарихи кезеңдердегі (орыс патшалығының бодандығы, кеңестік, тәуелсіздік) тарихы мен мәдени дамуын зерттеу, талдау және тарихи аспекті тұрғысынан тұжырымдау.