СЫРҒА, ХІІІ-ХV ғғ.

Сырға-пішіні сұрақ белгісі тәрізденіп оған екі інжу тізілген. Інжудің екеуі де сақина тәрізді құлақшадан тіке төмен түскен өзекке өткізілген. Бір шеті сырғаның өзегін бірнеше айнала шырмалған жіңішке сым інжулерді бекітіп ұстап тұрған. Інжулері бар осындай сырғалар ортағасырлық Шехрлик қалашығынан (Түркіменстанның Ташауыз облысынан) да табылған. Алтыннан, сондай–ақ, қоладан сұрақ белгісі түрінде жасалған сырғаларды  қарастыра отырып, Н.Н.Вактурская өз мақаласында мыстан, күміс пен  алтыннан дәл осы түрде жасалған бұйымдардың Алтын орда заманындағы кейінгі көшпенділер обаларынан да табылғандығын сөзге тиек етеді. Осыған ұқсас сырғалар Молчановка селосының маңындағы обадан, Сарай-Беркеден және т.б. жерлерден табылған. Табылған олжалардың бәрі ХІІІ-ХV ғғ. аралығына жатқызылады. Сондай ақ, 2020 ж. «Күлтөбе» қалашығының  тарихи обектілерін реставрациялау барысында ХІІІ-ХІV ғғ.тән. осындай сұрақ белгісіне ұқсас сырға табылған. Ғылымда мұндай сырғаларды «қыпшақ» үлгісіндегі алтын сырғалар деп атаған. Осындай үлгідегі мыстан жасалған сырғалар Отырар қазбаларынан да табылған және оларды билік өкілдері емес, Отырар халқының қарапайым тұрғындары пайдаланған болуы керек деп  айтуға болады. Кейінгі ортағасырлық Тараздың №3 рабадының ХІІІ-ХІVғғ. тән қабаттарынан, сондай ақ, Орталық Қазақстан аймақтарындағы обалардан да сұрақ белгісі тәрізді сырғалардың табылуын  зерттеуші ғалым Т.Н.Сенигова қалалықтарға көшпелі қыпшақтардың ықпал етуімен түсіндіреді.

Сауран қаласы қазбасынан табылған. Музей қорына 2000 ж. қабылданған. Өлшемі: һ- 3 см. салмағы: 1,11 г.тең

Алдыңғы ақпарат

Қазақстанда Өзбекстанның мәдениет күндері өтті

Келесі ақпарат

ЕСЕП: ХІХ ғасырдың ортасы – ХХІ ғасыр басындағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени тарихын кешенді зерттеу