«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жырлаймын сені туған, туған ел» тақырыбында мектеп оқушылары мен студенттер арасында өткен жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті.
Байқауға Түркістан облысындағы аудан, қалалардан 24 оқушы өз өлеңдерін жолдады. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Нұрдәулет Ғалымжанұлы Өмірбеков лайық деп танылып, 50 000 теңге ақшалай сыйлық табысталды. Сондай-ақ, бірінші орынды Диханбай Ерсайын (30 000 теңге) және екінші орынды Болысбек Даниял (20 000 теңге), үшінші орынды Аружан Әшірханқызы (10 000 теңге) қанжығасына байлады.
Жеңімпаздарға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының алғыс хаты және қорық-музей жарыққа шығарған баспа өнімдері табысталды.
Іс-шара барысында дарынды жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, шығармашылық жолында жетекшілік етіп жүрген ұстаздар да директордың алғыс хатымен марапатталды.
Жүлдегерлерге арнайы сый-сияпаттарды табыстаған «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Мейірбекұлы өнерлі жастардың дарындары мен талаптарына алғыс айтып, тілектестік білдірді.
Іс-шара соңында жас ақындар ұйымдастырушыларға арналған арнау тілектерін жыр жолдарымен жеткізді.