МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ЖЕТІ АТА ҚАҚПАСЫ, ХV – ХІХ ғғ.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы, яғни, Ескі Түркістан орнындағы Шахарістан қорғаны бойында 4 қақпа болған. Сол себепті де тарихи деректерде «Төрт қақпалы Түркістан» деп атаған. Сол 4 қақпаның бірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 620 метр қашықтықта орналасқан – Жеті ата қақпасы.

Ертеректе осы қақпа арқылы қалаға Хорезм, Бұхара, Самарқан керуендері кірген. Ортағасырлық қалалардың көпшілігінде екі қорған болған, олар Цитадель және Шахарістан деп аталады. Цитадель қорғаны қаланың орталығын қоршайтын ішкі қабырғаларынан тұрса, Шахарістан қорғаны қаланың сыртқы бөлігін қоршайтын негізгі қорған. Жеті ата қақпасы 1928-32 жылдарға дейін сақталып келген. 2019 жылы қайта қалпына келтірілді.

Қақпа жайлы естігендердің барлығын «Жеті ата» атауы қызықтырары сөзсіз. Оның себебін тарихшылар осы жерге Қожа Ахмет Ясауидің бір мазарға жерленген жеті шәкіртінің бейітінің орналасуымен байланыстырады. Қақпаға кірген кезде оң жағында Баб Араб мешіті орналасқан. Сонымен қатар  екі кесене  бар. Ол екі кесененің бірі Баб Арабқа арналса, екіншісі — Үндемес ата әулиенің жерленген жері.

Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Жеті ата қақпасы арасындағы ортағасырлық магистралды көше де зерттелу үстінде. 2009 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан қазба жұмыстары барысында бірқатар  жаңалықтар ашылып, тарихи тың деректер топтастырылды.

ХV ғ. қақпаның іргетасы мен сыртындағы ордың үстіне салынған көпірдің жағалық тіреуіші күйген кірпіштен қаланған. Қазіргі қақпаның қирандысының  1910 ж. түсірілген фотосуреті сақталған. Қақпа Қоқан билігі тұсында 1843-1849 жж. арасында қайта тұрғызылған. 2009-2011 жж. археологиялық қазба негізінде 2019 ж. қайта қалпына келтірілді.

Әдебиеттер:

  1. Тұяқбаев М., Өсеров Т., Күмісбаева Ұ., Мұсабаев Қ. Түркістан қаласының Жеті ата қақпасы орынында 2011ж. жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының есебі. Түркістан., 2011. Қорық-музей архиві.
  2. Жеті ата қақпасы. // «Әзірет Сұлтан» Энциклопедия. Түркістан, 2021. 146 б.
  3. Дастанов О. «Әулиелі» жерлер туралы шындық. А.,1967.56б.
Алдыңғы ақпарат

ТӘКИӘ ҚАҚПАСЫ, ХІХ-ХХ ғғ.

Келесі ақпарат

ДАРБАЗА ҚАҚПАСЫ, ХІХ ғ.