Түркілер кезеңіндегі VІІ-VІІІ ғғ. тән жебелердің бір түрі. Пішіні – жалпақ, жиегі қырланып шығып, жапырақ тәрізденіп жасалған. Жебе екі бөліктен — қалақшадан және шыбықтан тұрады. Осыған ұқсас жебе оқтары VІІ-VІІІ ғғ. Саян-Алтай түркілерінде де кездеседі, бірақ оның тамағы бұранда сияқты болып жасалған. Түркі, монғол дәуірлерінде үш қырлы жебелерді де көптеп пайдаланған. Жалпақ екі қырлы түрдегі жебелерді бөліп қарастырған ғалымдардың пікіріне сүйенсек, олардың типтері әр түрлі, екі жапырағы жұмырланып, дөңгелене келіп ұш жағының айналасы үш бұрышты, немесе ромб т.б. болып келген. Осындай жалпақ пішіндегі жебелерді ІІ мыңжылдықтың бас жағында көшпелі халықтар көптеп қолданғанымен, күрекше, жапырақша тәрізді түрлері де кең қолданыста болған. Түркілер жебенің ұшын темір, сүйек, мүйіз, ағаштан да жасаған. Соғыс жағдайында ағаштан, сүйектен жасалған жебелерден бөлек металдан жасалған жебелерде қолданылған. Музей қорына 1994 ж. қабылданған, өткізген музейдің бас қор сақтаушысы Б.Әділова. Табылған жері белгісіз. Өлшемі: һ-2,5 см. L-9,8 см. тең болып келген.