МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Жас тілшілер тарихи ескерткіштерді қорғауға арналған насихат жұмыстарына атсалысады

18 сәуір — Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайының жас тілші үйірмесінің қатысушылары «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне экскурсия жасап, тарихшылар және археологтармен сұқбаттасты.

Журналист Нұрмахан Кенжеханның жетекшілігімен қалалық Оқушылар сарайында журналистика негіздері бойынша білім алып жүрген болашақ журналистерге ЮНЕСКО тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылыстық ерекшеліктері мен тарихы жөнінде белгілі археолог, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Бақытжан Нұрханов сұқбат берсе, тарих ғылымдарының кандидаты, қорық-музей директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктер жөнінде әңгімелеп берді.

Шара барысында Түркістан қаласына арнайы іссапармен келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев Түркістан құпиялары жайлы тың деректермен бөлісті.

Сұқбат пен экскурсия барысында тарихи ескерткіштерді қорғау және оларға құрметпен қарау, өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарға деген рухани мәдениетті қалыптастыруға атсалысу туралы пікірлер айтылды. Алдағы уақытта тарихи ескерткіштерді қорғау бойынша дұрыс түсінік қалыптастыру  жұмыстарына жас тілшілер де атсалысуға ниет білдірді.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі 

Алдыңғы ақпарат

Полицейлер Түркістан тарихы жайлы дәріс тыңдап, экскурсия жасады

Келесі ақпарат

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі: кеше және бүгін