МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ЖАЛАУЛЫ АТА КЕСЕНЕСІ, VIII-ХІІ ғғ.

Жалаулы ата кесенесі осы аттас өте үлкен мазаратқа орналасқан. Мазарат көне Қаратөбе-Сауран қаласының солтүстік-шығысында ерте орта ғасырларда (V-XIIғғ.) қалыптасқан, қала тұрғындары жерленетін, үлкен қорым болып табылады. Қаратөбе-Сауран Түркістаннан солтүстік-батысқа қарай 41 шақырым жерде орналасқан көне қала. Қаланың сыртқы қорған қабырғасының іші-сыртына орналасқан қорымның көлемі 1-1,2га, ол Қаратөбе- Сауранның солтүстік-шығысында 850м жерде орналасқан. Қорымда әр түрлі кезеңде жерленген адамдардың кесенелері мен төртқұлақ мазарларының қираған қалдықтары кездеседі. Тіпті, XXғ. жерленген мәйіттердің молалары да көптеп табылады. Қорымның координаттары 43° 29. 619¹, 067° 47.203¹, теңіз деңгейінен биіктігі 198м. Аңыз әігімелер мен тарихи деректерде Жалаулы атаның VIIIғ. араб әскерлерінің қолбасшысы Зәңгі атаның ту ұстаушысы болғандығы айтылады. Жалпы «ата» деген құрметті атау, негізінен, сопылық ілімді таратып, уағыздаған адамдарға берілген (Тағайын ата, Жүсіп ата, Сәдуақас ата), ал, ислам дінің алғаш рет алып келіп таратқан адамдарды «баб»-дейді, бұл «исламға еңгізуші қақпа» деген мағынада айтылған, оларға Ысқақ баб, Әбдіжалил баб, Әбдірағым баб, Арыстан баб сияқты көптеген адамдар жатады. Соңдықтан да, сопылық ілімді таратқан адамдардың дені IX-X – XI-XIIғғ. өмір сүрген, бұл суфизмнің Орталық Азияға тарап, шарықтау дәуіріне аяқ басқан кезі. Суфистер арасында ертеден келе жатқан «Сопылық Арабияда көктеп, Таяу Шығыста гүлдеп, Орталық Азияда жемісін берді» деген қағида да бар.

Жалаулы ата қорымында ол кісінің кесенесі деп есептелетін, көптеген жөндеу, жаңалау жұмыстарын бастан кешірген құрылыс қирандысы орналасқан. Қазіргі күні бұл топырақ үйіндісінің өлшемдері 6,5х6,5м квадрат түрінде. Құрылыстың іргетасы өлщемдері 25х25х5см күйген қыштан қаланған, ол биіктігі 1,2м болатын топырақ жалға орналасқан. 2010ж. археологиялық қазба барысында бұл құрылыстың аса күрделі тарихы бар екендігі анықталды, үстіңгі құрылыстың астында биіктігі 1,7м, ұзыңдығы 3м, ені 2м шамасында төртқұлақ сағана там қирандысы бар екендігі байқалды. Сағананың алдынан кейіннен қойылған тастан жасалған құлпытас, обелиск сияқты тігіннен қойылған тас колонналардың сынықтары мен бөлшектері шықты (бұл колонналар құлпытастан бұрын қойылған).

Кесене қирандысын қоршап биіктігі 0,7м, өлшемдері 20х18м дуал қирандысы өткен, кей жерінді күйген қыш қаландылары сақталған, бұл XIX-XXғғ. жатады. Жөндеу жұмыстарының іздері. Ең соңғы кесене құрылысының іргетасын күйген қыштан қалап, үстін қам кесектен (кирпич сырец) тұрғызған, тіпті, үсті күмбезбен жабылған сияқты. 1950-1960жж. шамасында күмбезі опырылып, біртіндеп үйіндіге айналған.

Жалаулы ата «Сауранның тоғыз бабы» деген әулиелер қатарында аталады, яғни, бұл кісі «баб»- исламға еңгізуші, «ата» деген атты халық кейіннен берген. Ақпар беруші ауыл тұрғындары Д.Есіркепов пен Қ.Әбдешев бұл тоғыз баб Сауранның өзінде ғана емес оның айналасын қоршай жерленген дейді. Олардың орналасуы:

  1. Жалаулы ата) – Қаратөбе-Сауранда
  2. Сағди Уаққас ата (Сәдуақас) – Қаратөбе-Сауранда
  3. Қарахан ата – Кейінгі Сауранда
  4. Әздер әулие – белгісіз
  5. Сарай ата – белгісіз
  6. Шала бақсы – МАИ бекетінен солт.қарай 1км жерде
  7. Момын ата – Сатымсай ауылы маңында
  8. Белгісіз әулие – Ақтөбе ауылы маңында
  9. Белгісіз әулие – 1 Май ауылы маңында

Әдебиеттер:

  1. Смагулов Е.А. Древний Сауран. А., 2011. –С.308-321.
  2. Жалаулы ата мазары // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы, І-том. Түркістан., 2021. 132-133 бб.
  3. Қала төңірегі//Байпақов К.М. Смағұлов Е.Ә. Ортағасырлық Сауран шаһары. А., 2005. 16-19 бб.
  4. Бейсебаев А.И. Культ святых у современного населения в окрестностях средневекового Саурана // Тезисы докладов научной конференции молодых ученых «Ахинжановские чтения» А.,2004.-С.86.
Алдыңғы ақпарат

БАЛА БИ (ТАМАБАЙ) КЕСЕНЕСІ, ХІХ ғ.

Келесі ақпарат

ҮНДЕМЕС АТА КЕСЕНЕСІ, ХІХ ғ.